"Ақ Жайық" басылымы өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен кездескен сәттің видеосын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әйел бұған дейін Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында ем алған болатын. Жақында ол ауруханадан шықты. Қазір туыстарының үйінде тұрады және оған балаларымен кездесуге рұқсат берілген.
Сондай кездесулердің бірі видеоға түсіп қалған. Кадрдан анасын көрген балалар көзіне жас алып, жүгіріп барып, құшақтап алғанын көруге болады.
Сонымен қатар, Ақбаянға жақын туыстары қаза тапқаны әлі айтылмаған. Туыстары бұл ақпарат оның денсаулығына кері әсерін тигізеді деп қауіптеніп, шындықты білуге дайын болған сәтін күтпек.
Айта кетейік, әзірге Ақбаян Мұқанғалиеваның 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы бейімдеу орталығында. Ең кішісі, бір жарым жасар ұлы арнаулы балалар үйінде.
Бұған дейін Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстары ол емделуін қайта жалғастыратынын айтқан болатын.
Еске салайық, биыл 14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке үкім шығарды.
Сот оны әйелінің төрт туысын асқан қатігездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тергеу органы Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы жоқ екенін анықтады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз