Ата-анасы мен бауырлары аяусыз ажал құшып, күйеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиеваның тағдыры ұзақ уақыт белгісіз болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиева Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында ем алған. Бұл туралы Атырау облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятова мәлімдеді.
Оның айтуынша, әйел ауруханадан шыққан және балаларына екі рет келіп кеткен.
Құндыз Ғиниятова Ақбаян Мұқанғалиеваның емі әлі де жалғасуы мүмкін екенін айтты. Әйелдің туыстары ол Психикалық денсаулық орталығына тағы 10 күнге жатуды жоспарлап отырғанын айтқан.
"Ол балаларына алғаш рет өткен аптада келді. Жақында, бір-екі күн бұрын екінші рет келіп, "ауруханаға тағы он күнге жатпақшымын" деді. Екеуінде де балалардың анасы туыстарымен бірге кешке, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін келді. Біріншісінде шамамен 19:30-да, екіншісінде 20:30 шамасында келді", - деді Құндыз Ғиниятова.
Бұл уақытта мекемеде кезекші тәрбиешілер болған. Олар Ақбаян Мұқанғалиеваға балаларымен тілдесуге мүмкіндік берген.
"Келмегеніне көп болғандықтан, балаларымен жүздесуге рұқсат бердік. Бетін қайтара алмадық. Балаларын көрсін, олар да анасын күтіп жүр ғой", - деді орталық директоры.
Әзірге әйелдің 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы бейімдеу орталығында. Ең кішісі, бір жарым жасар ұлы арнаулы балалар үйінде.
Құндыз Ғиниятованың айтуынша, емдеудің келесі кезеңінен кейін мамандар Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайын қайта бағалауы керек.
"Бәрі дұрыс болса, анасы балаларын алып кете алуы мүмкін", - деді ол.
Еске салайық, биыл 14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке үкім шығарды.
Сот оны әйелінің төрт туысын асқан қатігездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тергеу органы Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы жоқ екенін анықтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова