Жангелдиндегі қанды қылмыс: жәбірленуші тарап Сәрсемәлиевтен 70 миллион теңге талап етіп отыр

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жұбайының туыстарын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемәлиевке қатысты сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот отырысы барысында Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты талап-арызын жариялады. Марқұмдардың туыстары айыпталушыдан моральдық және материалдық шығын үшін 70 миллион теңге өндіруді сұрады. Олардың айтуынша, мұндай сома отбасы бірден төрт жақынынан айырылуына байланысты белгіленген.

Әдемі Шылмағамбетованың сөзінше, бұл трагедия отбасы үшін моральдық жағынан да, материалдық жағынан да ауыр соққы болған.

"Бірден төрт жақынымыздан айырылдық. Бұл - орны толмас қаза. Туыстарымыз ауыр күйзелісті бастан кешірді. Өзімнің де жүрек ауруым асқынып, қазір күрделі ота қажет болып отыр. 100 күн ішінде ас беріп, 11 маусымда ғана соңғы еске алу шараларын өткіздік. Бұдан бөлек, елеулі материалдық шығын келді. Сатылып кеткен малды қайта сатып алуға мәжбүр болдық", - деді Мақсот Қарабалиннің туысы.

Мұндай талап-арызға айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев те пікір білдірді. Ол қолында ақша да, мүлік те жоқ екенін, алайда сот шешіміне бағынатынын айтты.

"Бар байлығым - бес балам. Cот 70 миллион теңге төлеу туралы шешім шығарса, оны өмірімнің соңына дейін төлеуге міндетті боламын. Бірақ қазір шотымда ақша да, мүлкім де, жинағым да жоқ", - деді Сұлтан Сәрсемәлиев.

Өтемақы көлемі мен оны төлеу тәртібі сот талқылауы барысында қаралады.

Айта кетейік, тергеу нұсқасы бойынша ол құрбандарына 60-қа жуық пышақ жарақатын салған. Мейрамгүл Қарабалинаға 32, Наурыз Мұқанғалиевке 10, Мақсот Қарабалинге 9, Нәсіп Өтешқалиеваға 8 соққы тиген.

Сотта айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Мейрамгүл Қарабалинаны, жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін мәлімдеді. Алайда Наурыз Мұқанғалиевті өлтіруді жоспарламағанын айтты.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Сот отырысы

2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз