- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жанайқайымызды кім естиді"....
"Жанайқайымызды кім естиді". Жерге таласқан көршілер мәселесі Мәжіліске дейін жетуі мүмкін
Алматының "Самал-2" шағын ауданының тұрғындары үйлерінің маңынан тағы да 4 көпқабатты тұрғын үйдің бой көтеруіне қарсы. Себебі, қазірдің өзінде "электр жүйесі мен жылу желілеріне түсетін қысым көп" дейді. Ал егер "тағы да тұрғын үй салынар болса қыста жылу мен жарықсыз қаламыз ба" деп қауіптенеді. Ал осы жерде бұрыннан қоныстанып келе жатқан, 1924 жылы салынған ескі үйлердің тұрғындары басқа ауданнан үй салып бергенге келіспей отыр. Қос тараптың кикілжіңін мәжіліс депутаттарымен бірге Massaget.kz тілшісі де тыңдап келді.
Алматы қаласы әкімдігі осыдан 2 жыл бұрын ескі үйлерді алып тастап "GAB construction" құрылыс компаниясына үй салуға рұқсатын берген. Компания өкілдері бір үй салу тиімсіз екенін айтып, 4 бірдей 9 қабатты үй салуға бекініпті. Қалалық архитектура басқармасымен келісілген құжатта барын айтқан. Десек те сол маңдағы көпқабатты үйдің тұрғындары бұл нысандардың бой көтеруіне түбейгейлі қарсылық танытып отыр.
Сурет тұрғындардан алынды
Аталған аумаққа көпқабатты тұрғын үй салу шын мәнінде қауіпті. Алматы қаласының сейсмикалық аймақта орналасқанын ескерсек төтенше жағдай кезінде бұқараның бас сауғалайтын орын таппай қалуы әбден мүмкін. Одан бөлек қаланың басты проблемасына айналған көлік кептелісінің күрделенуіне алып келеді дейді тұрғындар.
"Біз барлығымыз "Достық" даңғылына "Снегина" көшесі арқылы шығамыз. Әсіресе кешкі уақытта көлік кептелісі тіптен қиындайды. Ертең оқу жылы басталса бұл мәселенің күрделене түсетіні жасырын емес. Біз "Меңдіқұлов" көшесінен үйге жеткенше 400 метр жолды сағаттап жүретін сәттер болады. Ал егер бұл аумаққа тағы 4 үй салар болса, бұл кемінде 500 автокөлік деген сөз. Ары қарай өзіңіз ойлай беріңіз", - дейді "Достық, 97 б" тұрғын үй кешені мүлік иелерінің бірлестігінің басшысы Альмир Курназаров.
Расында да қаланың жоғарғы бөлігі саналатын бұл аумақ тым тығыз орналасқан. Бұл тұрғындар айтқан бір мәселе. Қазірдің өзінде аумақтағы тұрғын үйлерде коммуналдық мәселелер жетерлік. Жылу мен жарықтың мәселесі тұрғындардың әбден титығына тиген.
"Қаланың құрылыс нормаларына сәйкес мәселені шешу керек деп ойлаймын. Өйткені бізде қазірдің өзінде жылу желілері, электрмен жабдықтау және ауыз су жүйесімен мәселе көп. Қысқаша айтқанда коммуналдық мәселелер көп болып тұр. Бұл әлеуметтік шиеленісті күрделендірген құрылыс компаниялары мен әкімдік өкілдері деп есептеймін. Бұл құрылысқа қарсымын. Біздің жанайқаймызды кім естиді енді", - дейді Достық 91\1 мекенжайының тұрғыны Ақыл Отарбаева
Тіпті көпқабатты тұрғын үйлердің ту сыртынан трансформаторлық қосалқы станциялар да орнатып қойыпты.
Ал кейбір тұрғындар "көпқабатты тұрғын үйлердің көбеюі мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығына алып келеді" дейді. Бұл мәселенің барлығын ескермей, әкімдіктің құрылыс компаниясына рұқсат бергені ақылға қонымсыз тірлік. Тіпті бұл мәселеге келгенде заңның өзі қауқарсыз. Мұны мәжіліс депутатының өзі мойындап отыр.
"Біз қазір Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңның 47-бабына өзгерістер енгізу үшін күш салып жатырмыз. Бұл заңға 2018 жылы құрылыс компаниялары арқылы лобби жасалды. Аталмыш заңның "Бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік, мәдени және бірегей объектілерді салу мақсатында қолданыстағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын түзету қажеттігіне байланысты жағдайларды қоспағанда, бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер мен толықтырулар жылына екі реттен асырмай енгізілуі мүмкін" деген 4-тармағын өзгерту керек. Бұл құрылыс компаниялардың Сәулет және қала құрылысы басқармасының рұқсатынсыз қауіпті аймақтарға құрылыс нысандарын салғызбауға мүмкіндік береді", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Базарбек.
Ал ескі үйлердің тұрғындарының сөзінше 20 жылдан бері бұл аумаққа құрылыс компаниялары бірінен соң бірі келіпті. Барлығы жаңа үй салу туралы қорытындыға келсе де, нақты әрекетке көшпеген. Талай рет бұл жерге көз тіккендер келіп, құрылыс жүргізбек болыпты. Яғни қаланың жоғарғы бөлігіне қызығушылар да, сыртынан иемденушілер де көбейіп тұр.
Түрік компаниялары аталған аумақтағы "Самал Делюкс" тұрғын үй кешенін дәл осы ескі үйлердің орнына салуы керек болған. Сондай-ақ, бұрынғы бас жоспарда саябақ, жер сілкінісі кезінде жиналатын орын болатыны айтылыпты. Алайда компания банкрот болып, барлығы сол қалпы қалған. Салдарынан ескі үйлердегі бұқара баспанаға жарымай отыр. Олардың қазіргі баспанасының түрі мынау. Ескі үйлерде адам түгілі, ит те тұрмайтындай дәржеде.
Тұрғындар түрік компаниялары салды десе де, ресми деректерде "Самал Делюкс" тұрғын үй кешені "АЛМАТЫ ЦЕНТР СТРОЙ" ЖШС-не тиесілі екені айтылған. Бұл сөзімізге дәлел төмендегі құжаттар.
Әлеуметтік желіде бұл үйдің тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалармен үй беріледі деген де қауесет шығыпты. Алайда халықтың бұл жерден кеткісі жоқ. Компаниямен келісілген тоғыз қабатты үй тұрғызылып, баспаналы болудан үмітті.
"Мен бұл үйлерде 25 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт аралығында бізге түрлі компаниялар келді. Ең соңғы GAB construction келді. Қала құрылыс кеңесінен өткенін, 9 қабатты үй салатындығын айтты. Біз қос қолдап қолдадық. Бізге бұл аумақтан үй берілмесе, қаланың басқа аумағына көшпейміз. Біздің ескі үйіміздің мәселесін шешуге заң да қауқарсыз", - дейді "Достық, 91 б" мекен-жайының Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Алтынай Нұғманова.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысы бас жоспар қайта жасақталып жатқанын айтып, құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін тежейтінін жеткізді. Себебі, көршілердің мәселесін өгізді де өлтірмей, арбаны сындырмай шешудің жолы жоқ.
"Біз мәселеден хабардармыз. Бұл өте күрделі мәселе. Бұрынғы Алматы қаласының бас жоспары күшін жойып, барлығын жаңадан құрып жатырмыз. Бұл аумаққа қатысты егжей-тегжейлі жоспар дайындалып жатыр. Қайта жоспарлау жыл аяғына дейін жүзеге асады. Ал жоспар дайын болғанға дейін бұл жерде құрылыс жұмыстарын бастатпауға тырысамыз", - деді Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының м.а Нұрлан Боранбаев.
Құрылыс компаниялары талас-тартысқа түскен тұрғын үйдің дауын жергілікті билік дұрыс шешіп бере алмағаннан кейін тұрғындар перзидентке хат жазыпты. Үй алуға үміттілердің бірі Майра Қарсақбаева өткен жылы 10-маусымда президент арыз-шағымдары жазылған хат алды дейді. Қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданынының тұрғындарымен кездесуінде тиісті орындарға мәселені шешуді тапсырыпты.
Ал мәселенің мән-жайын білу үшін келген депутат бұл мәселе қалалық деңгейде шешілмесе, мәжіліс отырысында мінберден айтатынын жеткізді.
"Бізде қалалық әкімдікпен жұмыс істеуге 15 күн уақыт бар. Егер бұл мәселе қала көлемінде шешілмейтін болса парлемент палатасында көтереміз. Біз мемлекеттік деңгейде талап қоя аламыз. Себебі бұл іспен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті айналысуы керек. Қазір қос тараптың кикілжіңінен қорытынды шығара алмаймыз", - деді мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.
Ескі үйлердің тұрғындары осы аумақтан үй берілмесе, басқа жерге көшпейміз деп бекініп отыр. Ал заңдағы қарама-қайшылық қос тараптың мәселесінің оңды шешілуіне кедергі.
Айта кетейік біз бұған дейін Медеу ауданындағы су мәселесі жайлы жазған едік.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов