Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушылар соңғы сөзін сөйлеуі керек еді, алайда Эльмира Төлегенова сотқа келмеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанованың айтуынша, оның қорғауындағы азамат денсаулығына байланысты келмеген. Судья Әділбек Баймаханов отырыс кезінде бұл жағдайды растайтын құжаттар ұсынылмағанын мәлімдеді.
"Сот айыпталушыға растайтын құжаттарды ұсынуға немесе онлайн қосылуға екі сағат уақыт береді. Құжаттар ұсынылмаса, сот келмеу себебін негізсіз және қылмыстық істі қарауға кедергі келтіреді деп санайды", - деді ол.
Осыған байланысты судья екі сағатқа үзіліс жариялады.
Айта кетейік, бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайроллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптау тарапы блогерлердің мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.
Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.
Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова