Жаңа талаптар күшіне енді: электрсамокат жүргізушілерін дрон мен камера бақылауға алады

Ішкі істер министрлігі өкілдері электрсамокатпен жүру тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елімізде заң бойынша электрсамокатпен тротуар, жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды.

"Кейінгі жылдары тұрғындар бұл мәселені жиі көтеріп жүрді. Өйткені тротуарда ең алдымен жаяу жүргіншілер өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Әсіресе, балалар, қарттар, баламен жүрген ата-аналар үшін бұл өте маңызды. Статистика да мәселе өзекті екенін көрсетіп отыр", - деді ведомство өкілі.

Жыл басынан бері электрсамокаттарға қатысты 139 жол апаты тіркеліп, екі адам қаза тапқан.

"Электрсамокаттарға тыйым салынып отырған жоқ. Тек оларды қай жерде және қандай тәртіппен пайдалануға болатыны нақты белгіленді. Полиция жаңа талаптар сақталуын толық бақылауға дайын. Бақылау көшедегі патрульмен шектелмейді. Бейнебақылау камералары, техникалық тіркеу құралдары және дрондар пайдаланылады. Ал ірі қалаларда электрсамокатпен жүретін полицияның мобильді топтары жұмыс істеп жатыр. Бұл оларға самокаттар көп жүретін жерлерде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондықтан полиция қызметкері көрінбесе, бақылау жоқ деген сөз емес. Құқықбұзушылық техникалық құралдар арқылы да тіркеліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданады", - деді ІІМ өкілі.

Электрсамокатты жалға беретін компанияларға да талап қойылады. Сондықтан барлық оператор жаңа ережелерді орындауға міндетті. 

Еске салайық, бұған дейін электрсамокаттарға қатысты маңызды ереже күшіне енгені хабарланды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!