Жыл сайын Қазақстан жолдарында электрсамокат, мопед, велосипед және басқа да құралдардың саны артып келеді. Осылайша жол апатының саны да көбейіп отыр. Бас прокуратура азаматтарға жолдағы жаңа ережелер мен жауапкершілікті еске салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Балалар қаза тапқан оқиғалар
Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол апаты тіркеліп, салдарынан 33 адам қаза тауып, тағы 461 адам жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен 97, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол апаты болған.
Осы оқиғалардың барлығында кәмелетке толмаған 329 бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.
Өздері де зардап шегеді
Сонымен қатар, мұндай көліктерді пайдаланушылардың өздері де жол апаттарынан зардап шеккен. Электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кеткен 145 жағдай, мопед жүргізушілерін көлік қаққан 82 жағдай, шағын электр көлік құралдарын тізгіндегендерді көлік қаққан 52 жағдай тіркелген.
Бұл оқиғалар салдарынан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Жаңа өзгерістер енгізілді
Жол апаты көбеюіне байланысты заңнамалық өзгерістер енгізілді. 25 тамыздан бастап электрсамокаттың тротуарлар, жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады.
Велосипед жолы немесе велосипед жолағы болған жағдайда қозғалыс тек солар арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Олар болмаған кезде жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, электрсамокат тізгіндеуге 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдарға рұқсат етіледі.
Мопед жүргізушілері тек жүріс бөлігінде қозғалуға міндетті. Самокат, велосипед және мопед иелері жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде көліктен түсіп, оны жетектеп өтуге тиіс.
Жолаушыларды тасымалдауға, рөлде телефон ұстауға, сондай-ақ, тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова