Жаңа қорғаныс министрі Қазақстан армиясында не өзгеретінін айтты

Жаңа қорғаныс министрі Қазақстан армиясында не өзгеретінін айтты
Фото: gov.kz

Жаңа қорғаныс министрі, генерал-майор Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жиында Қарулы күштерді одан әрі дамыту және реформалау бағытындағы негізгі міндеттер айқындалды.

"Негізгі басымдық әскердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлық сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталады", - деп жазылған хабарламада.

Әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалып отыр. Командирлерге әскери ұжымдарда тәрбие жұмысының сапасын арттыру, жеке құрамның жағдайын жақсарту жөнінде міндеттер жүктелді. Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға жол бермеуге ерекше назар аударылуға тиіс.

Министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қарау қажет екенін айтты. Оқыту қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу жағдайына барынша сәйкес келіп, практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделуі керек. Сонымен қатар, ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрон күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологияларды қолданудың заманауи тәсілдері ескерілуі қажет.

"Әскерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте үдерістерді одан әрі цифрландыру, басы артық әкімшілік рәсімдерді, есеп пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Бос ресурстар әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуға тиіс. Армияны материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Бұл ретте сатып алу және ресурстарды бөлу әскердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, жүзеге асырылуға тиіс", - деп жазылған хабарламада.

Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды, тиімсіз шығындарға жол бермеуді тапсырды.

"Армия есеп пен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуға тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек", - деді қорғаныс министрі. 

Еске салайық, Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget