Каспийдегі трагедия: қорғаныс министрі қызметінен босатылды

Каспийдегі трагедия: қорғаныс министрі қызметінен босатылды
Фото: gov.kz

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымынан босатылды.

Бұл шешім Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін қабылданып отыр. Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметінше, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, әскери қызметшілер суға кеткен. Үш адам құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Осы жағдайға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

26 қыркүйекте Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті. Оған сол кезде қорғаныс министрі қызметін атқарып тұрған Дәурен Қосанов та қатысты.

Дәурен Қосанов туралы не белгілі?

Ол 1969 жылы 14 қазанда Павлодар облысы Краснокут ауданы Новотроицкое ауылында дүниеге келген. Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін (1990 жылы), Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын (2005 жылы) және Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабы әскери академиясын (2013 жылы) бітірген.

Үшарал полкінде жойғыш-ұшқыш, Талдықорған қаласындағы авиациялық база командирі, Шымкент қаласындағы авиациялық база командирі, Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы болған.

2022 жылғы желтоқсан - 2024 жылғы қыркүйек - Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы.

2024 жылғы қыркүйек - 2025 жылғы маусым - қорғаныс министрінің орынбасары - Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы.

2025 жылғы 8 маусымда қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды.

Әскери шені: авиация генерал-лейтенанты (2024 жыл).

Тілдерді меңгеруі: қазақ, орыс.

Наградалары: I және II дәрежелі "Даңқ", II дәрежелі "Айбын" ордендері, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі және мерейтойлық медальдар.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget