Алматы тұрғындары түнде қатты жер сілкінісін сезді. Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен чаттарда оқиға кезіндегі сурет-видеоларды жүктеп жатыр. Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Алматылықтар жер сілкінгенін сезген бойда үйлерін тастап, сыртқа шықты.
Әсіресе, қаладағы көпқабатты тұрғын үйдегілер қауіпсіз жерге шығуға асықты.
Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы уақыты бойынша сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек), расында да, жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 15,1. Магнитудасы - MPV 6.7. Тереңдігі - 65 шақырым.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген.
Алматылықтар бұл жағдайдан қатты қорқып қалды.
"Жалаң аяқ далаға қашып шықтық. Масқара сезілді", "Құдай сақтасын не болса да, есіміз шығып отыр", "Бірінші рет телефонға хабар келді, үй жаман қимылдап кетті", - деп жазды олар.
Кейбір тұрғындар жалаңаяқ, кейбірі киімсіз үйлерін тастап, далаға шықты.
Көпшілік түнде такси қызметіне жүгінуге мәжбүр болып, қаладан қауіпсіз жерлерге кетуге асықты.
Кейбіреулер сурет-видеолар түсіріп те үлгерген. Кадрларда үйдегі шамдар қозғалғаны анық байқалады.
Жер сілкінісі сезілген алғашқы уақыттарда қалада кептеліс байқалды. Кейбіреулер қалада түні бойы жұмыс істейтін, бір қабатты дәмханаларға ағылса, енді бірі қала маңындағы ауылдарға, жер үйде тұратын туыстарына ағылды.
Ал кейбіреулер отбасыларымен көліктерінде отырды.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген.
Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.
Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды
Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады.
"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты.
Суреттер: Massaget.kz, желіде тараған суреттер
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!