Жалақысы - миллион теңге, екі пәтері бар: еңбек министрі отбасының табысы туралы айтты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтауға арналған әлеуметтік әл-ауқаттың онлайн калькуляторын таныстырды. Шенеунік өз табысын жариялап, қай санатқа жататынын тексеріп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Асқарбек Ертаев 49 жаста екенін, айлық жалақысы 1,2 миллион теңге екенін айтты. Жұбайы жұмыс істемейді, отбасында төрт бала бар. Министрдің Астанада ауданы 100 және 60 шаршы метр болатын екі пәтері, сондай-ақ, 2013 жылғы Toyota Camry 50 көлігі бар. Министрдің отбасында бизнес пен жер учаскелері жоқ.

Шенеуніктің үлкен ұлы 29 жаста, ол айына 600 мың теңге алады. 23 жастағы ортаншы ұлы ай сайын 400 мың теңге табыс табады. Сондай-ақ, шенеуніктің 13 жастағы қызы және төрт жасар кенже ұлы бар.

Мәліметті онлайн калькулятор арқылы тексеру кезінде министрдің отбасы B санатына жатқызылды. Яғни ол жәрдемақылардың басым бөлігіне үміткер бола алмайды.

"Соңғы жәрдемақыны төртінші бала туғанда алдық. Ол 2022 жылы. Содан бері ешқандай жәрдемақы алмаймыз. Қандай да бір жәрдемақы алып жүрген болсам, одан бас тартуға дайын болар едім", - деді Асқарбек Ертаев.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау ережесі өзгереді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілмек. Ол үшін азаматтар әлеуметтік әл-ауқаттың бес деңгейіне бөлінеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!