Қазіргі таңда кез келген затты онлайн тапсырыс беріп, сатып алуға болады. Үйден шықпай, смартфон арқылы іздегенін тауып, оның бірнеше сағатта жеткізілуі көпшілікке ыңғайлы. Дегенмен интернет дүкен арқылы сауда жасау дін тарапынан қаншалық дұрыс? Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мәліметінше, интернет дүкен арқылы сауда жасаудың үкімін шығару үшін сауданың төрт жолы қарастырылған.
- Меншігіндегі тауарды өз парақшасында сату. Яғни дүкен иесі меншігіндегі заттарды интернет дүкен немесе әлеуметтік парақшалар арқылы сатады. Бұған шариғатта рұқсат етіледі.
- Меншігінде жоқ затты өзінің парақшасында немесе интернет дүкенде сату. Бұл жерде сатушы көтерме сауда орталығымен алдын ала келісіп, кейін ол тауарға қатысты барлық сипаттарын және мағлұматтарын интернет дүкенінде көрсетеді. Сатып алушы тарапынан тапсырыс түскенде сатушы тауардың ақшасын толық алып, көтерме сауда орталығынан затты сатып алып, келісілген уақытта жеткізеді. Бұл саудада тауардың сипаты толық көрсетілгендіктен, сәлам келісімшарты негізінде оған рұқсат етіледі. Ал тауардың төлемін толық алынбаса, сондай-ақ тауардың нарықта бар-жоғы әрі тапсырыс берген затты жеткізуі белгісіз болса, мұндай саудаға тыйым салынады.
- Интернет дүкен иесі сатушының тауарын жарнамалап сату. Бұл көріністе интернет дүкен иесі делдал ретінде әр тауардан белгілі пайызды немесе белгіленген қызмет ақысын алады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Бір кісінің басқа біреуге: «Мына киімді мұнша бағаға сат. Одан артық бағаға сатсаң, үстіндегі ақша сенікі», – деп айтудың оқасы жоқ», – деген (Бұхари, 3/96). Бұл жағдайда тауарды жеткізу жауапкершілігі делдалға емес, сатушыға жүктеледі.
- Интернет дүкен иесі сатушының атынан уәкілі ретінде сату. Уәкіл сатушының атынан тауарды сатып, ақшасын алады. «Әл-Маусуға әл-фиқһия әл-Кувейтия» кітабында: «Ғалымдар сауда-саттықта уәкіл тағайындау дың рұқсат екеніне бірауыздан келіскен. Уәкілдік ақылы да, ақысыз да болуы мүмкін», – делінген (әл-Маусуға әл-фиқһия, 45/90). Алайда тауар иесінің рұқсатынсыз белгіленген бағаның үстінен қосып сатуы дұрыс емес. Интернет дүкен арқылы сауда жасаған кезде сауданың рүкіндері мен шарттары толық табылуы, алаяқтыққа, заттың белгісіздігіне жол берілмеуі тиіс. Егер тауар баяндалған сипатқа сай болмаса, мұндай жағдайда сатып алушының затты көргеннен кейін қайтарып беруіне құқығы бар.
Сонымен, интернет дүкенде сауда жасаудың Қазақстан мұсылмандары Діни ьасқармасының үкімі мынадай:
- Меншігіндегі тауарды интернет дүкен арқылы сатуға рұқсат етіледі;
- Меншігіндегі жоқ тауарды сәлам саудасының шарттарына сай сатуға болады;
- Интернет дүкен иесінің сатушыдан белгілі бір пайызды алуы шариғатқа қайшы емес;
- Тауар сипатталған сипатқа сай болмаса, сатып алушының оны алмауына құқығы бар;
- Тауар белгілі себепке байланысты келісілген мерзімде жеткізілмесе, сатып алушы ақшасын қайтарып алуға немесе келісімді бұзып-бұзбауға құқылы;
- Тауар келісімге сай тиісті мерзімде жеткізілген жағдайда сатып алушы тарап көзделген қаражатты төлеуге міндетті.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ өкілдері мұсылмандарға медитация жасауға бола ма деген сұраққа жауап берген болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстанда қанша мүгедек бала бар?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!