Мұсылмандарға медитация жасауға бола ма? ҚМДБ жауап берді

Мұсылмандарға медитация жасауға бола ма? ҚМДБ жауап берді
Фото: senivpetro / Freepik

Қазіргі уақытта медитация, аффирмация сынды терминдер танымалдылыққа ие. Адамдар Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарап, түрлі ақпарат оқып, еліктеп көрген нәрсесін қайталай бастайды. Ал дін жолындағылар мұндай әрекеттердің харам екенін айтып, жарияланған жазба астында дау шығарып жатады. Желі арқылы аты шыққан медитацияны мұсылмандарға жасауға бола ма? ҚМДБ жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚМДБ мәліметінше, медитацияның мағынасындағы ұзақ ойланып, пікір қылу Ислам дінінде де бар.

"Медитация латын тілінен аударғанда «терең, ұзақ ойлау», «пікір қылу» деген мағынаны білдіреді. Медитация туралы сөз қозғалғанда көз алдымызға ең алдымен лотос позициясында отырған монахтар елестейді. Алайда оның көрінісіне қарамай тілдік мағынасымен қарар болсақ, жалпы пікір, зікір ету Ислам дінінде де бар", - дейді олар.

Алайда ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, қазір индуизм мен буддизмнің негізі болып табылатын медитация түрі - Ислам дініне қайшы. Өйткені онда индуизм мен буддизмнің құлшылық түрі әрі Алла Тағалаға серік қосу бар. Сондықтан шариғатымызда ондай медитация түріне қатаң түрде тыйым салынады. Сондай-ақ бұл жерде басқа қауымға еліктеу бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бір қауымға ұқсаса, ол – солардан», – деген. Ислам дінінде өзге дінге еліктеп, ұқсауға болмайды.

Көбіне адамдар медитацияға күйзелістен арылып, мазасыздықты азайту, миды жүйелеу, өзіне сенімділік ояту секілді мақсатпен жүгінеді. ҚМДБ өкілдері мұндай мақсаттарға Алланың разылығын ала отырып жететін амалдарды ұсынды:

  1. Тәфаккур (пікір ету). Тәфаккур – Жаратушының ұлылығын, құдіретін, мейірімін пікір етіп, ой жүгірту.
  2. Шүкірлік ету. Аллаға шүкірлік ету қанағат пен шүкірлікке үйретіп қоймай, Алла Тағалаға жақындатады.
  3. Оңашалану. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи түсуден бұрын Хира үңгіріне барып, қоғамында болып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізетін. Пайғамбарлық келген соң әр Рамазан айының соңында он күнінде иғтикакафқа кіретін. Әрі сахабаларын да иғтикафқа отыруға шақыратын. Оңашаланған уақытта үнсіз отырған абзал. Өйткені үнсіздік арқылы адам жүрегін ести алады. Суфиян Сәури: «Үндемей, тыныш отыру – ғибадаттың ең әуелгісі» , – деген.
  4. Зікір ету. Зікір ету – Алла Тағаланы ұлықтау және мадақтау сөздерін қайталау. Бұл зікірлерді көбінесе ойланбастан тез айтамыз. Зікірді ой жүгірту арқылы орындау жүректі жаман ойлардан тазартады.
  5. Құран оқу. Кез келген уақытта Құран оқу. Мысалы, қиындыққа тап болсаңыз, дәрет алып, Құран оқыңыз. Құран оқу арқылы да адам рухани байып, жаман мінез, ойлардан тазарады.

Сондықтан дін өкілдері шариғатымызда рұқсат етілген жолдарды ғана ұстанған жөн екенін алға тартты.

"Қорыта айтқанда, мұсылман адам рухани жоғарылау, жан дүниесі тынышталу, Алланың разылығына жету үшін жоғарыда аталған, шариғатымызда рұқсат етілген жолдарды ұстанғаны жөн. Ал дінімізге қайшы келетін өзге діннің құлшылық түрлеріне еліктеуге рұқсат етілмейді", - делінген жазбада. 

Айта кетейік, бұған дейін "Гематоген" құрамында өлексенің қаны бар деген әңгімеге қатысты ҚМДБ жауабы хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Неліктен жұлдыздарды бақылау үшін горизонталь координаталар жүйесі енгізілген?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә