Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысында адвокаттардың бірі прокурор Назгүл Тәукенбайға қарсылық білдірді. Оның айтуынша, ол бұған дейін бірінші сатыдағы сотта сотталушылардың бірінің ісін қарауға қатысқан.
Бұл қарсылықты айыпталушылардың қорғаушылары мен прокурорлар қолдады. Тек жәбірленушілер тарапы қарсы болды.
Үзілістен кейін судья Айнагүл Түкібаева қарсылық білдіру туралы өтінішті қанағаттандырды. Осыдан кейін прокурор сот залынан шығып кетті.
Айта кетейік, айыпталушылар орындығында Хасан Қасымбаевтан бөлек тағы бес адам бар. Процесс мемлекеттік тілде ашық түрде өтіп жатыр.
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін жиі айтыла бастады.
Еске салайық, бұған дейін Хасан Қасымбаев 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, соққыға жықты деген күдікке ілінгені хабарланды.
Үш жыл бұрын болған қылмыс видеоға түсіп қалған. Жазбада жәбірленуші, яғни ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов екені жазылған. Оның туыстарының сөзінше, ер адам алдымен "Виктория" шағын маркетінің жанында соққы жеп, артынша ес-түссіз күйде Кеңдала ауылындағы канал жақтан табылған. Содан кейін ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталды. Кейін екі айға қамауға алынды.
2025 жылы 21 сәуірде Хасан Қасымбаевқа қатысты істі тергеу аяқталды.
2025 жылы 29 шілдеде Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жолданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз