Алматы облыстық сотының апелляция алқасы Хасан Қасымбаев пен оның сыбайластарының шағымын қарады. Сот атышулы іс бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
12 ақпанда апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін күшінде қалдырды. Осылайша Хасан Қасымбаев бұған дейін тағайындалған жазаны, яғни 12 жыл жазасын өтейді.
Бұл іс бойынша қалған сотталушылардың да үкімі өзгеріссіз қалды.
Айта кетейік, 2026 жылы 13 қаңтарда Алматы облыстық сотына Хасан Қасымбаев пен оның сыбайластарының апелляциялық шағымы түсті.
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін жиі айтыла бастады.
Еске салайық, бұған дейін Хасан Қасымбаев 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, соққыға жықты деген күдікке ілінгені хабарланды.
Үш жыл бұрын болған қылмыс видеоға түсіп қалған. Жазбада жәбірленуші, яғни ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов екені жазылған. Оның туыстарының сөзінше, ер адам алдымен "Виктория" шағын маркетінің жанында соққы жеп, артынша ес-түссіз күйде Кеңдала ауылындағы канал жақтан табылған. Содан кейін ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталды. Кейін екі айға қамауға алынды.
2025 жылы 21 сәуірде Хасан Қасымбаевқа қатысты істі тергеу аяқталды.
2025 жылы 29 шілдеде Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жолданды.
Сотта прокурор Ерлан Құланбаев адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (жәбірленуші - ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов) және бопсалау (жәбірленуші - Әріпжан Тәжиев) істері бойынша айыптау актісін оқыды.
Осылайша 2025 жылы 11 қарашада Хасан Қасымбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!