Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Хабар" арнасындағы "Бірақ" ток-шоуында туындаған дауға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін телеарнаның тікелей эфирінде көрсетілген "Бірақ" ток-шоуы қоғам сынына қалған болатын. Онда тележүргізушілер күйеуінен зорлық көріп, 6 баласын алып, қашып кеткен әйелді күйеуімен татуластырмақшы болады. Алайда ер адам тікелей эфирде де әйелін балағаттап, мені балаларыма қарсы қойған деп оны айыптайды. Осы уақытта әйел эмоцияға ерік беріп, көз жасын тыя алмай қалады.
Мәулен Әшімбаев бұл мәселеде халықтың пікірі ескерілгенін жеткізді.
"Бұл мәселеге қатысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз бағасын берді, бұл ток-шоу жабылды. Мұнда халықтың пікірі ескерілді деп айтсақ орынды болады. Осы ток-шоуды дұрыс ұйымдастырмаған арнаның қызметкерлерінің жұмысына да баға берілетін шығар. Сондықтан мемлекеттік телеарналарда мұндай олқылықтар болмайды деп санаймыз", - деді сенат төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева"Хабар" телеарнасындағы "Бірақ..." ток-шоуының жабылатынын айтқан еді.
"11 наурыздан бастап "Хабар" арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оны шешуге бағытталған "Бірақ..." бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда, тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты. Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуге тиіс еді", - деп жазды министр.
Ведомство басшысы редакция барлық этика нормаларын сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуі, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламауы қажет деп есептейді.
"Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады", - деді министр.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!