"Хабар" телеарнасында эфирге шыққанына екі күн болған ток-шоу қоғамдық резонанстан соң жабылатын болды

"Хабар" телеарнасындағы "Бірақ..." ток-шоуы жабылады. Мұны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-те жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"11 наурыздан бастап "Хабар" арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оны шешуге бағытталған "Бірақ..." бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда, тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты. Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуге тиіс еді", - деп жазды министр.

Ведомство басшысы редакция барлық этика нормаларын сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуі, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламауы қажет деп есептейді.

"Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады", - деді министр.

Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде "Хабар" телеарнасындағы ток-шоуға қатысты қызу пікірталас жүрді.

Желіде тараған кадрларда "Бірақ" бағдарламасының жүргізушісі эфирге келген қонақтан "күйеуіңіз ұруға себеп бола ма?" деп сұрайды. Одан бөлек әлеуметтік желіде эфир қонағы мен бағдарлама арасындағы келісімдер сақталмағаны, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге ескертпей, оның күйеуін де бағдарламаға қонақ ретінде шақырғаны айтады.

Мәселеге "Хабар агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Қойшыбаев та пікір білдірді.

"Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Орын алған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. Осы оқиға аясында тіпті қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. "Бірақ"-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз", - деді ол.

Қойшыбаевтың сөзінше, "Бірақ..." бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан