"Халық шошып қалған. Мүмкін емес деп ойлайды". Кореядағы қазақстандық Сеул трагедиясы туралы айтты

Кореяның Сеул қаласында Хэллоуинді тойлау кезінде болған қайғылы оқиға жұрттың есін шығарды. Айта кетейік, Сеулдің Итэвон ауданында Хэллоуинді тойлауға көптеген адам келген. Салдарынан келген жұрт қысылып, соңғы деректер бойынша, 155 адам қаза болған. Оның ішінде бір қазақстандық студент қыз бар. Сеул қаласында 3,5 жылдан бері тұрып жатқан қазақстандық Димаш Сәдуақас Massaget.kz тілшісіне әлемді дүр сілкіндірген оқиға туралы айтып берді.  

Димаш Сәдуақастың өзі ол шараға бара алмаған. 

"Аяғым тартпады. Қазақстандық балалар барды. Бірақ олар адам көп болғаннан кейін ішке кіруге қорыққан. 100 мыңдай адам болған деген дерек бар", - дейді ол.

Фото: Reuters

Жергілікті тұрғын шара неліктен дәл көшесі тар Итэвон ауданында өткенін түсіндіріп берді. 

"Итэвон ауданы бұрынғы америкалық база болған. Сондықтан ол жерде бұрыннан америкалықтар Хэллоуинді тойлау дәстүрі қалыптасқан. Кейіннен 20-25 жас аралығындағылар сол ауданға қызыға бастайды. Осылайша Итэвон ауданы танымал болып кеткен. Жергілікті жастар батыс үрдістеріне еліккен. Коронавирус пандемиясынан кейін негізі әлі күнге дейін маска тағып жүрміз. Жастар маскадан шаршап, Хэллоуинді асыға күтті", - дейді Димаш. 

Сеулде әлемді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға себебі қандай? Болжамдар

Итэвон ауданының бір жағы тұтас қонақүй қабырғасы екен. Адамдар құлай бастағанда оларды бір топ адам бірден басып қалған. Жағдайды өз бетімен реттеуге талпынған жұрт "Артқа, артқа!" деп айғайлағанда аллея басындағылар түсінбей, керісінше, қалың жұртты алға қарай итермелей бастаған екен. 


Фото: Reuters

Димаштың сөзінше, бұл жергілікті халық үшін күтпеген оқиға болған. 

"Төбемізден жай түскендей болды. Корея тыныш жатқан жерінен 154 адамынан айырылды. Оның ішінде 26-сы шетелдіктер екен. Көше тар. Жергілікті халық қатты шок алған. Мүмкін емес деп ойлайды. Оның алдында елде саяси жағдайларға байланысты митингілер өтіп жатқан. Оның үстіне мына қайғылы оқиға қосылды. Өте ауыр соққы болды. Адамдар не ары емес, не бері емес, қозғала алмай қалған", - дейді ол. 

Димаш Сәдуақас жергілікті тұрғындарға есірткі таратылған деген ақпаратқа қатысты ойын айтты.  

"Есірткі таратылған деген ақпарат тарап жатыр екен. Бүгінде оған қатысты рейд жүріп жатыр. Таиландықтар контрабандалық жолмен ақша кіргізіп, есірткіні халықаралық пошта арқылы сатқан деген дерек бар. Есірткі таратылды деген қауесет содан шыққан секілді. Жасырын түрде болмаса, Кореяда есірткіге қатаң тыйым салынған", - дейді Димаш. 


Фото: Reuters

Тағы себеп жергілікті барға танымал кореялықтар келеді деп айтылған. Димаштың сөзінше, полиция бұл деректі тексеріп жатыр. Сараптамалар тағайындалыпты. Шамамен 15 күнде нәтижесі шығуы мүмкін.

Айта кетейік, жергілікті БАҚ мәліметінше, Хэллоуин кезінде адамдарға кәмпит түріндегі есірткі таратылғаны немесе тұрғындар танымал адам келіп, сонымен кездесуге бара жатқанда қысылып өлген деген ақпарат әлі расталмаған. Оған қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.  

"Адамдар қатты таңғалып, ешқайда шықпай отыр. Екі сағаттың ішінде мұндай болуы мүмкін емес қой. 22.15-те 80-ге жуық адамнан хабар түскен. Жергілікті ақпараттардың мәліметінше, адам көп, бірақ 200-дей полицей ғана бөлінген екен. Жедел жәрдем кіре алмаған. Себебі адам көп, жол жабылып қалған", - дейді жергілікті тұрғын. 


Фото: Reuters

Димаш жергілікті БАҚ-тарда кеше, 31 қазанда таңғы сағат 10.00-де Сеулдегі Сеул Плазада мемориалдық алтарь ашылғаны хабарланғанын айтады. Онда 5 қарашаға дейін Итэвон трагедиясының салдарынан қаза тапқандарды еске алуға болады. 

Елде 30 қазаннан 5 қарашаға дейін қаралы күн жарияланды.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!