Халық болып жылаған да, қуанған да жыл: 2023 қандай оқиғаларымен есте қалды?

2023 жыл маңызды оқиғаларымен есте қалды. Бұл жылы Қазақстанда қаралы күн де жарияланды, халық болып айтулы қуанышты да тойлады. Massaget.kz тілшісі жыл аяқталар сәтте 2023-те есте қалған оқиғаларға шолу жасап шықты.

Халық та, министр де жылаған оқиға: Абай облысындағы қаралы жайтқа шолу

  • Оқиға кезінде қанша адам қаза тапты, оқиға қалай болды?

Маусымда Абай облысындағы орман өртін сөндіру барысында үш елді мекеннің тұрғындары эвакуацияланды.

Бұл жайтқа тұрғындар да бей жай қарамады. Бородулиха ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлері, еріктілері өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оларға бірнеше мезгіл тамақ таратты.

Кейінірек Абай облысындағы алапат өртті сөндіру жұмыстары кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестіріліп жатқаны белгілі болды. Осылайша, кейін 14 адамның ішінде үш қызметкер қаза тапқаны анықталды.

Ал Семей әкімдігі Каштак және Талица ауылдарына да қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты тапсырма берді. Орман шаруашылығы комитетінің ақпаратында өрттің алдын ала ауданы 60 мың гектардан асқаны айтылды. Кейінірек іздеу жұмыстары барысында тағы 11 адамның денесі табылды.

Абай облысында өрттен қаза тапқандардың аты-жөндері де белгілі болды.

  • Жиенбаева Мейрамгуль Кусаиновна 1989 жылы туған.
  • Токтасын Серікжан Бакытбекулы, 1996 жылы туған.
  • Дуйсембаев Амангелді Спатайулы, 1964 жылы туған.
  • Губаев Алексей Григорьевич, 1993 жылы туған.
  • Фоминых Максим Владимирович, 1998 жылы туған.
  • Нуржигитов Саят Нуржанович, 1972 жылы туған.
  • Начиненов Константин Сергеевич, 1983 жылы туған.
  • Сидорин Виктор Александрович, 1960 жылы туған.
  • Сидорин Александр Викторович, 1984 жылы туған.
  • Пузырев Николай Иванович, 1968 жылы туған.
  • Пузырев Сергей Николаевич, 1992 жылы туған.
  • Гражданкин Петр Александрович, 1971 жылы туған.
  • Дарибаев Александр Викторович, 1974 жылы туған.
  • Ганьшин Даниил Евгеньевич, 1981 жылы туған.

Экология министрлігі Абай облысында орман шаруашылығының 14 қызметкерінің өліміне қатысты соталды тергеу басталды. 11 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Президент Абай облысындағы өртке байланысты министрлік пен тиісті органдарды айыптады. Тоқаевтың сөзінше, министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған.

"Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.

"Қате көп. Шұғыл әрекет жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз - жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек", - деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам "Құрмет" орденімен марапатталды.

Ал кейін Абай облысындағы өртті сөндіру кезінде тағы бір адам жоғалып кетті.

Бұл жолы да Абай облысында өртті сөндіруге көмектесуге кеткен орман шаруашылығының қызметкері Сергей Архипов өлі табылды. Полиция мәліметінше, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Сергей Николаевич Архиповты іздеу іс-шараларын жүргізу барысында өртті сөндіру орнынан 50 шақырым жерде зорлық-зомбылықпен өлім белгілері жоқ мәйіт табылған.

Осы жағдайлардан кейін Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінетіні, марқұмдардың отбасына пәтер берілетіні хабарланды. Сондай-ақ, Абай облысында өртенген Бородулиха ауданының әкімі ауысты. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың өкімімен Бородулиха ауданының әкімі болып Айдар Ибраев тағайындалды.

Ал сол кездегі экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқандардың туыстарымен кездескенде көзіне жас алды.

Министр не үшін жылағанын да түсіндірген болатын.

"Жылауды әлсіздік деп есептемейтін. Мен шынайы адаммын, менің отбасыларға шын жүректен жаным ауырды, өйткені олар жақын адамдарынан айырылды, екі отбасында әке мен бала қаза тапты... Мен осы отбасылардың бәріне бардым. Олар орман шаруашылығында жұмыс істеді. Мен мұны кездесуде болған кезде білдім бе? Иә, әрине, мен шын жүректен жаным ашыды және шынайы жанаршылықты адамның әлсіздігі деп ойламаймын", - деп жауап берді министр.

Сонымен қатар, Абай облысындағы өртке қатысты ТЖМ-нің экс-басшысы Юрий Ильиннен, экология министрі Зүлфия Сүлейменовадан және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтан жауап алынатыны айтылды.

14 маусымда сағат 21:00-де әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков Абай облысындағы Семей орманы табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрт оқшауланғанын айтты.

Ал кейін Абай облысындағы орман өрті бойынша күдіктілер аталды. Тергеу барысында  "Семей-Орманы" резерваты мен Жаңа Шүлбі филиалының басшылығы күдікті ретінде танылды. Сондай-ақ, тексеру нәтижелері бойынша Төтенше жағдайлар және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні де хабарланды.

Аза тұту күні жарияланды: Қарағандыдағы қаралы жағдайға шолу

  • Оқиға қалай болды, себеп қандай, қанша адам опат болды, кімдер жазаланды, басшылар ауысты ма?

Биыл 28 қазанда Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Алғашында шахтада жеті адам қаза тапқаны хабарланды. Апат кезінде Костенко шахтасында 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылған. Болжам бойынша лавада газ метан жарылғаны да айтылды. Алайда кейін шахтада қаза тапқандар саны арта бастады. Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жарылыс кезінде 11 адам қаза тапқанын айтты. 

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов барды. Алайда қаза тапқандар саны арта берді. Кейінірек 16 адам өлі табылғаны белгілі болды.

Шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру де басталды. Осы жайттардан кейін 29 қазанда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Қазақстан тарихындағы қаралы күндер

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

"Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері "АрселорМитталда" жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Осылайша, кәсіпорынды басқаруға Қарағанды ​​облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин келді. Ал бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басқарушысының жалақысы күніне 1,01 миллион теңге болған.  Сол кезде вице-премьер Тамара Дүйсенова шахтада қаза тапқан кеншілердің жалақысы қанша болғанын да айтқан еді. Кеншілер 300 мың теңгеден 1 миллион 600 мың теңгеге дейін ақы алған. 

"АрселорМиттал Теміртау" меншік иесінің ауысуы қызметкерлерге қалай әсер етеді? Басин жауап берді

Осы қаралы оқиға салдарынан жалпы саны 46 кенші қаза тапты. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өте маңызды заңбұзушылықтар анықталғанын, тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткенін, 15-тен аса оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылысы қирағанын айтты.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қаралы жағдай кезінде қаза тапқандардың жақындарына материалдық көмек көрсетілді. Мәселен, Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің несиесі кешірілді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры 50 миллион теңге бөлді. Ал әнші Димаш Құдайберген шахтада қаза тапқандардың отбасына 20 миллион теңге аударды.

Жуырда, 9 желтоқсанда өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Нәтижесінде қырғыш конвейер элементтерінің соққысы мен үйкелісінен пайда болған механикалық ұшқыннан газ (метан) тұтанғаны анықталды. Комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бұзылғанын да анықтады.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты адам анықталды. Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Күдіктілер Қарағанды облысындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Ақша түссе болды, басқасына бас қатырмайды": қазақстандықтар опат болып жатқан "АрселорМиттал Теміртау" туралы не белгілі?

Ал "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев жаңа инвестор болды. Андрей Лаврентьев - Allur Group компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы. Оның құрамында "Агромашхолдинг" және "СарыарқаАвтоПром" компаниялары кіреді. Allur Group - Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстандағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін көрсетті: Бишімбаев ісіне шолу

  • Оқиға қалай болды, Бишімбаев деген кім, қазір іс қалай жүргізіліп жатыр?

Шахтадағы апаттан кейін Қазақстан халқын шулатқан тағы бір оқиға болды. 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды деген ақпарат тарады. Тараған ақпаратта ол мас күйде әйелін мейрамханада ұрып соққаны айтылды. 

Астана Полиция департаменті өкілдері бұл жайтты растады. Сол күні полицияға қала мейрамханаларының бірінде қонақтар арасында жанжал туындап, салдарынан әйел дене жарақатынан қайтыс болғаны туралы хабар түскен. Осылайша, Бишімбаев ұсталды. Әлеуметтік желілерде Қуандық Бишімбаев "ұсталған сәттегі" суреті де тарады.

Ашық дереккөз

Астана қаласының Полиция департаменті мейрамханада әйелді өлтіру дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлігі ("Кісі өлтіру") тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Күдікті Астана қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін оған 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Ал марқұмның аты-жөні - Салтанат Нүкенова. Дәрігерлер оның 1992 жылы дүниеге келгенін мәлімдеді. Әйел 31 жаста болған. Telegram-арналарда оның Павлодардың тумасы екені айтылды.

"Жүкті болған, шенеуніктің қарындасы": экс-шенеуніктің марқұм әйелі туралы не белгілі?

Ашық дереккөз

Кейінірек экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша "Гастро-орталық" директоры уақытша ұстау изоляторына қамалды. Астана прокуроры Ерлан Өтегенов Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша ұсталған екінші адам Қуандық Бишімбаевтың туысы екенін растады.

Бүгінде бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишібаевтың ісін бірнеше тергеуші тергеп жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты. Оның сөзінше, бұл дерекке байланысты бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды да тапсырды.

Осы жағдайлардан кейін марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде үндеу жариялап, қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесін көтерді. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жүргендерге көмек көрсетуге дайын екенін де жеткізді.

Айта кетейік, бұл бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың басы дауға қалған бірінші жағдай емес. Экс-шенеунік 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылды. 

Tengrinews

Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.

Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты. Сол кездегі Президент Назарбаевтың 2019 жылғы 13 ақпандағы жарлығымен Қуандық Бишімбаевқа рақымшылық жасалып, оның жазасы 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылды. Осыған байланысты Бишімбаев сотқа жазаның өтелмеген қалған 1 жыл 3 ай 13 күн мерзімін өтеуден шартты түрде босату туралы өтінішхат жолдады.

Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы заң талаптарын қанағаттандырды. Осылайша, Қуандық Бишімбаев 2019 жылғы 11 қазанында босатылып, пробациялық бақылауға алынды. Үкімнің мерзмі 2021 жылғы  9 қаңтарда аяқталды.

Қалың қазақ қуанған жаңалық: халық саны 20 миллионға жетті

  • 20 миллионыншы қазақстандық атанғандар қай өңірде дүниеге келді, оларға қандай сыйақы берілді?

16 қарашада Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны өмірге келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев X-парақшасында хабарлады.

"Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы - бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді", - деп жазды Президент. 

20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалған. Бұл - Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны. 

Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар. 

Massaget.kz-ке 20 миллионыншы баланың бірінің әкесі Мұхтар Әзімбаев арнайы сұхбат та берген еді. Олар Жетісу облысында тұрады.

"Шынын айтайын, өзім кеше біліп отырмын. Менде мұндай бірінші рет болып тұр. Қуанышты сезім, сөзбен жеткізе алмаймын. Балалар да қатты қуанып жатыр. Өзім сене алмай отырмын. Әлі ешкімге ештеңе айтқан жоқпын, ешкім білмейді. Босанғанын біледі, 20 миллионыншы қазақстандық болып жатқанын білмейді", - деген еді ол.

20 миллионыншы тұрғын атанған 5 балаға 2 миллион теңгенің сертификаты беріледі. Бұл туралы "Отбасы банк" баспасөз қызметі хабарлады. 

Сонымен қатар, бес балаға 20 миллионыншы тұрғын екенін дәлелдейтін арнайы туу туралы куәліктері дайындалды.

13 адам қаза тапты: Алматы хостеліндегі қаралы жайтқа шолу

  • Оқиға қалай болды, кімдер қаза тапты, оқиғаға не себеп?

Бұл айдың аяғында тағы бір жантүршігер жайт болды. 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесіндегі өрт кезінде 13 адам көміртегі тотығынан қаза тапты. Мұнда алғашында 72 адам болған, 59 адам эвакуацияланып үлген. 

Massaget.kz

Бұл жағдайдың салдарынан үш адам ауруханаға түсті. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев хостелден шыққан өртке қатысты пікір білдіріп, хостел бар болғаны 1,5 ай ғана жұмыс істегенін жеткізді.

Кейін төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов бірінші рейспен Алматыға келді. 

"Бөлменің есігін ашқанда қою түтін көрінді". Алматыдағы өрт шыққан хостелде тұрған жігіт

Алматыдағы өрт шыққан хостелде шетелдіктер тұрған. Олар адам басына 60 мың теңге төлеп тұрғанын айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия да құрылды.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматыда өртенген хостел заңсыз жұмыс істеді деген күдік барын айтты. 

"Ғимараттың бірінші қабатында және астыңғы қабатында (0-қабат) адамдар тұрған деген ақпарат тарап жатыр. Әрине, бұл заңға сәйкес келмейді. Себебі заңда тұрғын үй және тұрғын үй емес деген норма бар... Менің ойымша, ғимараттың астындағы қабатта адамдардың тұруы заңға қайшы келеді", - деді Жандос Өмірәлиев.

Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Ал Алматы қаласы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Айбат Мурзамадиев өлімнің алдын ала себебі көміртегі тотығынан улану екенін мәлімдеді.

Ал арнайы прокурорлар "Алматы-Хостел" ғимаратындағы өрт дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуге кірісті. 30 қарашада "Алматы хостел" ғимаратындағы өрт дерегіне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша соталды тергеп-тексеру басталды.

Сол күні хостелді жалға беруші Мухамедъяров А. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды. 

Бұл қаралы жағдайда опат болған 13 адамның төртеуі - шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), ал 9-ы - Қазақстан Республикасының азаматтары.

Матч үшін әжелер шелпек пісірді, Тоқаев арнайы барды: футболдағы жетістіктер

Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу матчінде Данияны жеңді. 26 наурызда "Астана-Аренада" өткен ойында отандастарымыз 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша топтағы екінші ойында 3 ұпайға қол жеткізді. 

Ал 17 қарашада Қазақстан құрамасы Сан-Мариноны айқын басымдықпен жеңді. Осылай Қазақстан Еуро іріктеу кезеңінде алтыншы рет жеңіске жетті. Ойынның 19-минутында ұлттық құрамадан Ислам Чесноков қарсыластардың қақпасына алғашқы голды соғып, есепті ашты. Екінші таймның 51-минутында тағы да Ислам Чесноков гол салып, есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда 9 минуттан кейін (60-минутта) Сан-Марино құрамасынан Франкиоси Қазақстан құрамасына гол салып, есеп 2:1 болды. 92-минутта Абат Айымбетов пенальти арқылы үшінші голды соқты.

10 қыркүйекте футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы "Астана Аренада" Солтүстік Ирландия құрамасын ұтты. Ойында отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлаған голды 27-минутта Максим Самородов соқты. Оның айып алаңы сыртынан жерлете тепкен добы қонақтар қақпасының торында тулады.

"Астана Аренадағы" аса маңызды ойынды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин арнайы келіп тамашалады. 

18 қазанда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Хельсенкиде камбэк жасады. Финляндия құрамасынан 1:0 есебімен ұтылып тұрып, жеңіске бастар жолды тапты. Есеп - 1:2. 

21 қарашада футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Люблянада Словенияға жол беріп, Еуропа чемпионатына тікелей жолдама ала алмады. Ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. 

Тіпті осы матч үшін шелпек пісірген әжелер де болды. Видеоны Қазақстан футбол федерациясы Instagram-дағы парақшасында бөлісті.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!