"Өзім сене алмай отырмын". 20 миллионыншы қазақстандықтың әкесі сұхбат берді

"Өзім сене алмай отырмын". 20 миллионыншы қазақстандықтың әкесі сұхбат берді
Фото: Мұхтар Азимбаев ұсынған сурет

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл жаңалықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Massaget.kz тілшісі 20 миллионыншы қазақстандықтың әкесімен сұхбаттасты.

Баланың әкесі Мұхтар Әзімбаев - Жетісу облысының тұрғыны, әскери саладағы қызметкер.

"Өзім әскери адаммын. 1989 жылы дүниеге келгенмін. Әскери адам болған соң 2013 жылы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтын бітіргенмін. 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына оқуға түсіп, 2013 жылы бітірдім. Сол уақыттан бері Жоғары қолбасшылық бұйрығымен Талдықорған қаласында әскери қызметке келдім. Қазір Талдықорған қаласы 21 751 әскери бөлімінде қызмет етіп жатырмын", - дейді ол.

Мұхтардың жұбайының есімі - Диана Әзімбаева. Ол 1996 жылы дүниеге келген. Диана төлем орталығында жұмыс істеген. 

Мұхтар мен Диана 2015 жылы шаңырақ көтерген. Ал биыл олар көпбалалы ата-ана атанып отыр.

"Екеуміз 2015 жылы отау құрдық. Қазір 4 баламыз бар. Біріншісі - 2016 жылы туған Айзере Сәбденбай есімді қызымыз, екіншісі - 2018 жылы туған Мұхаммедәмин Сәбденбай есімді ұлымыз, үшіншісі - 2020 жылы дүниеге келген Мейран Сәбденбай есімді ұлымыз. Ал 14 қарашада дүниеге келген - төртінші балам", - дейді ол.

Мұхтар Әзімбаев ұлына қандай есім таңдағандарын да айтты.

"Енді 1 қыз, үш ұлымыз бар. Көпбалалы отбасы атағына ие болып отырмыз. Жолдасымыз екеуміз ақылдаса келе балаға Айсұлтан деген ат қойдық. Әке-шешелеріміз де өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр", - дейді ол.

Баланың ата-анасы қуаныштан бұл жаңалыққа әлі де сене алмай отыр екен.

"Шынын айтайын, өзім кеше біліп отырмын. Менде мұндай бірінші рет болып тұр. Қуанышты сезім, сөзбен жеткізе алмаймын. Балалар да қатты қуанып жатыр. Өзім сене алмай отырмын. Әлі ешкімге ештеңе айтқан жоқпын, ешкім білмейді. Босанғанын біледі, 20 миллионыншы қазақстандық болып жатқанын білмейді", - дейді ол.

Мұхтар Әзімбаев жан-жақтан хабарласып жатқанын айтады.

"Туа сала жан-жақтан хабарласып жатыр. "20 миллионыншы тұрғын сіздің ұлыңыз, құттықтаймыз. Біраз уақыттан кейін хабарын айтамыз" деп әкімдіктен хабарласты", - дейді Талдықорған тұрғыны. 

Қазір 20 миллионыншы қазақстандық Айсұлтанның да, оның анасының да жағдайы жақсы екен. Әкесінің сөзінше, ертең перзентаханадан шығаратындарын айтқан.

"Босандырған дәрігер Рамия Рамильевнаға, босанудан кейінгі бөлімдегі емдеуші дәрігерім Балауса Аюбхановнаға, босанудан кейінгі бөлім меңгерушісі Зейнегул Бейсенгаливнаға, акушер қыздар Альфия Бейсенбаевнаға, Оляға үлкен алғысымды білдіремін. Өз жұмыстарының кәсіби мамандары деп толық айта аламын", - дейді баланың анасы Диана Азимбаева.

Өңір әкімі Бейбіт Исабаев жетісулық отбасын құттықтап барды. 

Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Айсұлтан баламыздың бауы берік болсын. Айсұлтан тек сіздердің емес, еліміздің мәртебесін өсіретін азамат болсын. Жаңарып жатқан Қазақстанның, еліміздің жақсылығы мен қуанышының куәгері болып, аман-есен ер жетсін. Сәбидің өзіне де, ата-анасы, сіздерге де денсаулық тілеймін. Президенттің арнайы құттықтап жолдаған сыйлығын тапсыруға рұқсат етіңіздер", - деді әкім.

Сондай-ақ, Бейбіт Исабаев отбасына баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін, Президент жолдаған сый-сияпатты, балаға қажет бұйымдар, арбаны сыйға тартты.

Сонымен қатар, "Отбасы банк" АҚ Жетісу облысы филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиев Әзімбаевтарға 2 миллион теңгенің сертификатын ұсынды. Жасұлан Құрманғалиевтің айтуынша, бұл сома баланың болашақтағы игілігі үшін банк депозитіне салынып, оны кейін Айсұлтанның оқуына немесе баспана алуға пайдалана алады.

Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны өмірге келгені хабарланды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев X-парақшасында жазды.

"Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді", - деп жазды Президент. 

20 миллионыншы тұрғын атанған 5 балаға не беріледі?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова