Гүл сыйлау міндет емес: Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жасады

Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлау мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәлімдеуінше, ұстазға гүл сыйлау-сыйламау оқушы мен ата-ананың ерікті таңдауы болып қалуға тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрлік өкілдері гүл сыйлау – жақсы дәстүр екенін атап өтті. Алайда бұл міндетке, жарысқа немесе ата-аналарға артық шығын әкелетін жағдайға айналмауы керек.

"Мұғалімдерге 1 қыркүйекте гүл сыйлау – жақсы дәстүр. Бірақ ол міндетке немесе жарысқа айналмауы, артық шығынға себеп болмауы керек. Ең бастысы – гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен оның ата-анасының ерікті таңдауы болып қалуға тиіс", – делінген Оқу-ағарту министрлігінің ресми хабарламасында.

Сондай-ақ мектептер гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы керек. Бұған қоса, білім беру ұйымдары ақша жинауды ұйымдастырмауға және мұндай міндетті ата-аналарға жүктемеуге тиіс.

"Біздің мақсатымыз – жаңа оқу жылының алғашқы күнін артық сән-салтанатсыз, жылы атмосферада өткізу. Сонымен қатар оның тәрбиелік мәнін сақтап, балалардың бойына мұғалімге құрмет, қарапайымдылық пен мейірімділік қасиеттерін сіңіру", – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, 28 тамызда Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте биыл мектеп ішінде мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге жол берілмейтінін айтқан еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!