"Титаникке" бара жатқан "Титан" батискафының жарылуына ұсақ жарықтар себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Плимут университетінің доценті Джаспер Грэм-Джонс мәлімдеді.
Ғалым атап өткендей, OceanGate Expeditions батискафы сүңгіген сайын оның корпусында кішкентай жарықтар пайда болып, ұзын корпусы жылдар бойы сүңгу барысындағы қысымға төтеп бере алмаған болуы мүмкін. Бұл туралы британдық The Independent басылымы хабарлады.
"Бұл бастапқыда кішкентай, көзге көрінбеген болуы мүмкін, бірақ көп ұзамай батискафтың жарылуына себеп болған", - деді Грэм-Джонс.
Бұған дейін БАҚ батискаф сынықтарының жағалауға шығарылған кадрларды жариялаған болатын. АҚШ жағалау күзеті экипаждың дене мүшелерін тапты.
"Титанмен" байланыс 18 маусымда "Титаниктің" сынықтарына сүңгігеннен кейін 1 сағат 45 минуттан соң үзілді. 19 маусымда іздеу-құтқару операциясы басталды.
22 маусымда іздестіру аймағынан батискафтың сынықтары табылды. Ғалымдардың айтуынша, оның бортындағы адамдар тез және ауыртпалықсыз қаза тапқан.
Бұған дейін дәрігерлер де экипаждың өлімін болжаған болатын.