- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Француз сазгері 3D-принтерден...
Француз сазгері 3D-принтерден скрипка шығарды
Үш өлшемді басылымның мүмкіндігі жан-жақты дамып келеді. Қытайда 3D-принтердің көмегімен ғимараттар салынған болса, америкалықтар реактивті қозғалтқыш басып шығарды. Енді аталған технология бойынша музыкалық аспаптарды да шығару жолға қойылыпты. Тіпті күрделі аспаптар да еш қиындық тудырмайды екен.
3Dvarius – 3D-принтермен басылған электрлі скрипка. Ресми түрде берілген ақпаратқа орай, аталған музыкалық аспап 3D-басылым технологиясы негізінде құрастырылған. 3D-принтер скрипканың нақты қаңқасын жасай алғанымен дәстүрлі скрипканың толық нұсқасына ұқсамайды. Дегенмен оның сыртқы көрінісі заманауи дизайн үлгісі деп танылды.
Бір қызығы, музыкалық аспапқа түс берілмеген. Құрастырушылардың айтуынша, баспадан шыққан күңгірт-ақ түс өзге әрлеуді қажет етпейді. Себебі бұл оның нақты қай технология негізінде жасалғанын айғақтап тұрады.
3Dvarius – 3D-басылым технологиясына қызығушылық танытқан әуесқойлар Лорен Бернадак (Laurent Bernadac) жасаған өнім. Француз сазгері жаңа технологияны игеріп, музыкалық аспаптарды шығарумен айналысуды мақсат еткен.
Ж. Өрісбай