Франция президенті Эмманюэль Макрон Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Франция президенті өзінің фейсбук парақшасында Костенко шахтасында қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
"Қазақстанға қазақ халқына деген достық қарым-қатынасымды растау мақсатында баруым керек болған ресми сапарымнан бірнеше күн бұрын елдегі шахталардың бірінде болған қайғылы оқиға жайлы білдім.
Барлық қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын", - деп жазды Франция президенті Эмманюэль Макрон.
Еске салайық, 1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келетінін жазған болатынбыз.
Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 32-ге жетті. ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін.