Евгений Кочетов Президент әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының өкімімен Евгений Дмитриевич Кочетов Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін бұл қызметті Қанат Құлшыманов атқарды. Бүгін ол Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалды.
Евгений Кочетов 1988 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетін, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
Әр жылдары "Литер" қоғамдық-саяси газетінің, "Капитал" басылымының, "Власть" интернет журналының, "Информбюро" ақпараттық талдау порталының шолушысы болып жұмыс істеді.
2023 жылғы қарашадан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз