Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильм" киностудиясы төңірегінде шыққан дауларға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жауапты ведомство басшысы киностудияға қатысты қандай проблемалар барын атады.
"Бүгін мен аты аңызға Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы айналасында туындаған кейбір мәселелердің басын ашып, тоқталып өткенді жөн көрдім. Бұл - ең алдымен қаржылық, әкімшілік, экономикалық, инфрақұрылымдық сипаттағы жылдар бойы жиналған жүйелі проблемалар. Оған бірден-бір себеп - осы уақытқа дейін киностудияның өзін-өзі қамтамасыз етуге, табыс табуға заңдық тұрғыда мүмкіндігі болмауы. 19 жылдан бері кино түсіру құзыреті Ұлттық киноны қолдау орталығына берілген. Өз кезегінде Қазақфильм осы орталық қаржыландыратын жобаларға көппен бірге жалпы ережеге сәйкес қатысып келді. Нәтижесінде байқау талаптарына сай бөлінген қаражат киностудияның тек шығармашылық шығындарына жұмсалып, басқа шаруашылық мәселелері назардан тыс қалып отырды", - деді Балаева.
Ол министрлік тарапынан қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндірді. Министрдің сөзінше, бұрын жобалар мемтапсырыспен түсірілсе, енді байқау жарияланған. Сонымен қатар, жобаға қатысушылардың өтініштерін жеке сарапшылар саралайды. Бұл орайда кино туралы заңға өзгерістер енгізу қарастылырып жатқанын да мәлімдеді.
Министр резонанс тудырған жер теліміне қатысты да пікір білдірді.
"Жер телімі мемлекет меншігінде, ешкімге ешқандай жағдайда ешқандай мақсатқа берілмейді. Сондықтан бұл жөнінде ақпарат тарату, қандай да бір сөз айту орынсыз деп есептеймін. Әрине, Қазақфильмге қатысты қоғамның жанашырлығы дұрыс әрі орынды..." - деді Аида Балаева.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы киностудияның аумағында кейінгі күндері қытайлық көліктер қаптағанын хабарлаған едік. Актер Қуандық Дүйсенбаев бұған наразылық білдіріп, киностудиядағы басқа да проблемаларды айтты. Ол Шәкен Айманов атындағы киностудияның онсыз да хәлі мүшкіл кезде оның аумағын оңды-солды пайдалану қисынға келмейді деп отыр.
Ал Азамат Сатыбалды бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растады. Алайда "ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі" деп әңгімені қысқа қайырған. Ол мұндай қадамға қарамағындағы 178 адамның жалақысын тауып беру түрткі болғанын жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!