"Ешкім кетесің, көшесің демеген". Қазақтар өзге ұлт өкілдерін қалай аман алып қалған?

Тарихта түрлі оқиғаға байланысты өзге ұлт өкілдері қазақ жерін паналағаны белгілі. Бұған тарихи деректер дәлел бола алады. "Қазақ" сөзіне тіркесе жүретін "қонақжай" сөзі де осы мәннен туса керек. Қазақ қашан да қонағын құшақ жая қарсы алған, бөтенсінбеген. Massaget.kz тілшісі тарихшы Ханкелді Әбжановпен сұхбаттасып, қазақтың дархандығына дәлел болатын деректерді жинады.

Ханкелді Әбжановтың айтуынша, қонақжайлылық - қазақтың тарихымен біте қайнасқан қасиет.

"Біздің ұзына тарихымызды қарасақ, оған үш түрлі сипат тән екенін байқаймыз. Бірі - гуманизм. Екіншісі - оптимизм. Үшіншісі - сенім. Гуманизм заңымызда да тұр, "Жеті жарғыда" құн төлеу деген бап енгізілген. Бұл - мейірімділіктің бір көрінісі. Содан кейін кең далада жападан жалғыз жүріп, бір ғана отбасы болып, күн көре алмайсың. Ұлы далада ұжымдасып тірлік құрсаң, жан сақтайсың. Қазақта "у ішсең руыңмен" деген сөз содан шыққан. Біздің осы қасиетіміз қуғын-сүргін заманында толық дәлелденді. Қазақ өзінің үйіндегі ең әдемі бөлмені "қонақ бөлме" деп атады. Жылы-жұмсағын "қонағыма асамын" деп сақтап отырды", - дейді ол.

Төртінші ру немесе корейлердің тарихы

Тарихи деректерге көз салсақ, корейлер ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне келе бастаған.

Сурет: koreilbo.com 

"Корейлерді Қиыр Шығыстан алып келді. Оларды Қызылорданың маңайына тастап кеткен екен. Ауылдағы қазақтарға "Бұлар өте қауіпті адам. Олармен араласпаңдар" деген. Қазақтар оларға ешқандай көмек жоғын байқап, қазақтың ақсақалдары барған. Тіл білмесе де, жағдайды түсінген. Барын алдына тосқан. Корейлердің аға ұрпағы мұны жақсы білген. Қазақтардың арасына да ешқандай теріс қылықсыз сіңіп кетті. Олар қазаққа тек жақсылық ойлады. Менің Герман Ким деген профессор досым бар. Ол "корейлерді әкелгенде, бесінші колонна болады деп әкеліп еді. Шын мәнінде корейлер төртінші руға айналып кетті" дейді. Қалжың ғой. Бірақ қалжыңның арғы жағында үлкен ақиқат жатыр", - деп әңгімеледі тарихшы Ханкелді Әбжанов.

"Өз әкесі өлгендей жылады". Немістер туралы

Қазақ жеріне келген ұлттардың бірі - немістер. Тарихшы балалық шағындағы осындай бір оқиғаны әңгімеледі.

"Мен Қарағанды облысының тумасымын. Біздің жақта неміс көп болды. Совхоздағы екі немістің бірін Дәуана дейді, сөйтсек, оның аты Давид екен. Володя дедік, шын есімі Владимир екен. Кезінде немістерді Еділ бойынан айдағанда, әке-шешесі қайтыс болған не адасып қалған. Сөйтіп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы совхозға тап болған екен. Олар қазақ болып кетті. Тілі, бәрі. Бірақ Кеңес Одағы ыдырап, шекара ашылғаннан кейін еліне қайтты. Ал асырап алған әкесі қайтыс болғанда, сонау Германиядан келіп, "ой бауырлап" жылап, тура әкесі қайтқандай қайғырғанын жұрт ұзақ уақыт айтып жүрді", - деп әңгімеледі Ханкелді Әбжанов.

Аштықтан сақтаған халық

Қазақ сұңғыла, терең ойлы халық болғанын тарихи деректер, аңыздар да дәлелдейді. Соның бірі - аштықтан сақтаған құртқа қатысты оқиға.

"Ақмола өңірінде Алжир деген лагерь болған. Ол - халық жауларының отбасын ұстаған түрме. Онда әйелдер мен жас балалар болған. Сонда әйелдер қоршаудың ішінде жатқан. Ал қазақ ауылынан келгендер жақындап қарайды екен. Жақындап келіп, тас лақтырады екен. Мұны көрген әйелдер "бізді халық жауы" деп ойлап тұр ғой деп күйзеліпті. Кейін қараса, тасы құрт болып шығады. Құрт - қазақтың ең құнарлы асы. Осылайша, Алжирдегі әйелдердің біразы құртты азық етіп, жанын сақтаған екен. Халқымыз ең қиын сәтте де оңтайлы жол тауып, оңтайлы шешімін тапқан", - деді Ханкелді Әбжанов.

Өле-өлгенше қарыздармын - Асылы Осман

Белгілі ғалым әрі қоғам қайраткері Асылы Осман да үш жасында Қазақстанға көшіп келген. Бұл туралы сұхбаттарының бірінде айтқан.

Tengrinews.kz

"3 жасымызда жер аударып жіберді. ... Асқар Алатаудай, болмаса Қаратаудай тауын көрмедім. Тау, арғы жағында төбешік сияқты, арғы жағында біздің тұрған жеріміз Түркияға жақын екен. Арғы жағында түріктер бұрын бұл жерге көшірмей тұрып, "ей, өтіңдер бері" деп айғайлайды екен. Кім өзінің тұрған жерін тастап кетеді? Кетпей қалған. Сол жер басында түріктікі болғанымен кейін Грузияға жатады екен. ...Бізді 1944 жылы 14 қарашада көшіріп жіберген", - дейді ол.

Асылы Османның сөзінше, қазақ сол кезде пейілін тарылтай, құшағын айқара ашқан.

Tengrinews.kz

"Ешкім кетесің, көшесің" демеген. Бұрын өздері Боржомиге теміржол салғызған екен. Сонда тұрған әзербайжандардың өзіне салғызған. Ер адамдардың көбін әскерге алған. Менің әкем әскерге барып, жараланып қайтып келген. ...Бір күні келген, америкалық көліктер бар дейді. Ол кезде білмеймін, баламын. Естіген әңгімемді айтып жатырмын. Түн ішінде келіп, америкалық көлікпен қолдарында қаруы бар адамдар "ал енді сендер көшесіңдер" деген. Төсек салулы қалған. Кейбіреулер қайтып келеміз деп заттарын тығып кеткен. Әке-шешеміз құжаттарымызды ала алған жоқ. Қора толған қой. Қойды сойып алып кетейін десе, рұқсат бермеген. Боржомиге алып келген. Адамдарды мал таситын вагондарға толтырған, олар қайда апарарын білмеген. Астраханьнан өткеннен кейін ғана "ух" деген, Қазақстанға қарай бұрылған кезде Қызылордадан бастап тастап кеткен. Бізді Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас бекетіне алып келген. ...Қазақ бір бөлмесі болса, бір бұрышын, екі бөлмесі болса, бір бөлмесін беріп, паналатқан. Қазақтың кеңдігінің, дархандығының ерекшелігін қай кезде болса да айтып бағалаймын. Өйткені сол кезде соншалық қиын болса да, қиындыққа қарамай, дос па, жау ма оған да қарамай, паналатқанына өле-өлгенше қарыздармын деп жүргенім сол", - деген еді Асылы Осман сұхбаттарының бірінде.

Шешендер мен қазақтардың ерекше байланысы

ACA файтері Алихан Сулейманов та сұхбаттарының бірінде қазақтар мен шешендердің ерекше байланысын айтқан еді.

"Қазақтармен байланысымыз ерекше. Жойылу қаупінде тұрғанда олар бізді құтқарып қалған. Мен Қазақстанды жақсы көремін, анам сонда дүниеге келген", - деген еді ол. 

Желіде кавказдықтарға қатысты тағы бір видео бар. Бұл видеода да қазақтың дархандығы мен кеңдігі сөз болған.

Tengrinews.kz

"1937 жылы депортацияланған халықтың бірі күрдтер болған. Арғы атамның анықтамасы бар. 1937 жылы аталарымызды Нахичеваньнан депортация жасағанда, пойызда оларға "қазақтар тұратын жаққа барасыңдар. Қазақтар - адам етін жейтін халық" деген. Қазақтарға да солай айтқан. Күрдтер келе жатқанын, олар адам етін жейтінін айтқан. Мұны үлкен әжем өзі айтып берді. Ол кезде жасым 13-14-те болды. Ол қорыққандарын айтты. Оларды 2 ай бойы осы пойыздармен тасыған. Негізі Нахичеваньнан Қазақстанға дейін 2 апта, неге 2 ай? Адамдарды құрту үшін. Мыңдаған адам опат болған. 20 мыңдай адам Таразға жеткен. Олар келгенде, қатты қыс болған. Тізеге дейін қар болған. ...Әжем таңда азан естігендерін айтты. Азанды естігенде, сол жаққа қарай жүгірген. Мұнда мұсылмандар тұратынын, ал олар адам етін жей алмайтынын түсінген. Сөйтіп, әр қазақ отбасы өзіне бір күрд отбасын алған. ...Қазақтар сонда сол ұлттарды білмесе де, көмектескен. ...Көп елде болдым, бірақ бір қазақты көрсем туғанымды көргендей сезімде боламын", - дейді видеодағы ер адам.

Еске салайық, бұған дейін аштық жылдарындағы оқиғалар туралы материал жариялаған болатынбыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!