"Сұмдықтың бетін ашады". Аштық жылдарындағы оқиғалар

"Сұмдықтың бетін ашады". Аштық жылдарындағы оқиғалар
Фото: С.М. Дудин

Қазақ тарихы туралы сөз қозғалғанда, "мың өліп, мың тірілген" деген тіркес бекер айтылмайды. Халқымыз небір нәубетті бастан кешірген. Соның бірі - ХХ ғасырдың 20 және 30-жылдарындағы аштықтар. Аштықтан бұратылып, өлместің күнін көргендер түзде жүрген аңды құр жібермеген, тіпті ұзақ жыл сақталған тонды қайнатып, жібітіп те қорек еткен. Бұл туралы әдеби-тарихи еңбектерде жиі айтылады. Аштықтың зардабын күллі қазақ көрген. Massaget.kz тілшісі Тұңғышбек Байқұловтың осы жылдардың Жамбыл облысына кесапаты қалай тигенін көрсететін "Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық" атты еңбегінде келтірілген бірқатар деректі ұсынады.

"Жанбай жатып сөнген сол қарындасыма мен өмір бойы қарыздармын"

Әлеуметтік желіде белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының естелігі туралы жиі айтылады. Еңбекте ғалым 30-жылдардағы сұмдық туралы әңгімелеп, оның бір ұшы өз отбасына қалай тигенін айтып берген.


"Бала кезімде әлдеқалай бұзақыланып, қыңырлық таныта бастасам болды, шешем "Қап, сонда сені тастап кеткенімде жөн болатын еді…" деп бәз-баяғы бір сөзін кайталай беретін. Бұл сөздерді оның күңірене айтатыны соншалық, мен амалсыз тыныш қалатынмын. Он бес жасқа келгенде анамнан сол бір жұмбақ сөзді әрдайым неге айтатынын сұрамақ болдым. Бұл оның қайтыс боларынан бір жыл бұрын болған еді. Шешем көз жасын сүрте отырып, мына жайтты баяндады. 1933 жылдың ерте көктемі. Аштық аулымызды (біз Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында тұратынбыз) түгелдей дерлік жалмап кеткен ең бір қасіретті шақ екен. Шешеміз ажал тырнағынан қашып, көрші қыстақтағы туыстарына кетпек болыпты, Кішкене қарындасымды қолына көтеріп, етегінен ұстаған екі жасар мен касындамын, жолға шығыпты. Ауыл шетінен-ақ колхоздың бақшасы басталатын. Жалғыз аяқ соқпаққа түскеніміз сол екен, алдымыздан ұялы қасқыр шыға келіпті. Жүз шақырымға дейін айнала төңіректе, ол кезде үй малы әлдеқашан біткен, сондықтан да аш қасқырлар топтасып алып, әр жерде адамдарға шабатын болыпты. Бұрын мұндайды ел естіп-көрмеген екен. Шешем айғайлап, жұртты көмекке шақырған, бірақ жақын маңда ешкім болмапты. Қасқырлар жайлап жақындап, қаумаламаққа көшеді. Шешем қатты қысылады - не қасқырлар бәрімізді паршалап тастайды, не ол балалардың бірін қалдырып, екіншісімен қашып құтылуға әрекеттенуге тиіс. Қызын жерге қойыпты да, мені көтеріп, кері қашыпты. Ауылдан адамдар ертіп, жаңағы жерге келсе, қарындасымнан ештеңе де қалмапты. Жанбай жатып сөнген сол қарындасыма мен өмір бойы қарыздармын. … Анамның мұндана отырып айтқан әңгімесінен кейін, мені неліктен қалдырмадыңыз деп сұрағам. Ол кісі: "ұл қажеттірек болды ғой…" деді. Дегенмен аяулы анамның өмір бойы қандай қайғылы сезімнен арыла алмағанын, өзі туралы не ойлағанын түсінудің өзі мүмкін емес… …Бәрі де қарғыс атқыр аштықтың кесірі", - деп келтіреді автор ғалымның естелігін.

Арудан "әруақ" жасаған ашаршылық

Еңбекте Жүнісбек Сағындықұлы есімді адамның әкесі туралы естелігі айтылады. Онда аштық сұлу қыздың ажарын алып, "әруаққа" айналдырғаны сипатталады.

"Ашаршылық жылдарындағы мынадай бір сұрқия оқиға өмір бойы ойымнан кетпейтін шығар. Аты Айғаным ба, Әйгерім бе есімде толық сақтаған жоқпын. Кезінде ақындық өнерімен ел-жұртты аузына қаратқан сұлу келіншек болған дегенді естігенмін. Бірақ Аллам маған ажары тайып, денедегі еті арыған, қаңқасы ғана қалған "әруақты" көруге жазыпты. Сүлдесін ғана сүйреткен қолымен кісі әлсіз қолымен жер тіреп, құйрығымен жылжыған күйі үй табалдырығына жақындай түсті. Сол кезде мандайшадағы қарлығаш ұясынан шақалақ балапан құлап, әлгі кісінің дәл алдына топ ете түспесі бар емес пе? Әп-сәтте солғын көзге қалай жан біткенін білсеңіз. Әлжуаз бойға біткен қайрат ерекше өжеттендіріп жіберді әлгі кісіні. Жан-жағына алақтай түсіп, шапшаң қимылмен әлгі балапанды салалы, "темір" сүйек саусақтарымен қақшып алып, әп-сәтте жұтқыншақтан өткізіп жіберді. Көзді ашып-жұмғанша әлгі көріністен жұрнақ қалған жоқ. Енді бір сәтте көз жанары бірте-бірте сөніп, есеңгіреп басы бір жаққа ауытқып, қылжия құлады. Сөйтсем сол мезетте жан тапсырған екен ғой ол кісі", - делінген еңбекте.

"Аштықтың сұмдығы адамның майын ішкізген…"

Тұңғышбек Байқұлов Аманбек Байдалыұлының естеліктерін жазып, сол жылдардағы бір сұмдықтың бетін ашады.


"1932-1933 жылдары мен Жуалыда мұғалімдік қызметті атқарып, балаларға араб төте жазуынан сабақ беріп жүрдім. Бір жолы адамның жаны түршігетін сұмдық оқиғаның куәсі болдым. Босқындардың ішінде бір пысықтау келген жігіт қойдың қарнына адамның майын құйып алыпты. Ол өлген адамдардың қарнын жарып жіберіп іш майын шыжғырып қарынға құйып алған. Адамның майы қойдың іш майындай тоңбай, сол сұйық күйінде тұра береді екен. Сөйтсе, бұл ашыққан адамға күш-қуат беретін болса керек. Өлген адамның еті жарамсыз, аз ғана уақыттың ішінде тез бұзылады. Жарамдысы осы - іш майы. Байқамаған адам аштық әбден шыңына жеткен адамды алғаш көргенде бағуы келіскен әлді адам екен деп қабылдайды. Алайда бұл - дененің борпылдап, кілкілдеп, ісініп кетуі… Осының бәрін өз көзіммен көрдім, - деп Аманбек ақсақал әңгімесін бір ауыз сөзбен түйіндеді", - делінген еңбекте.

"Өз баласын өзі жеген ана…"

Сондай-ақ, Имаш Әлімбайұлы есімді қарияның да естеліктері тұла бойды түршіктіріп жібереді.

"Аштық туралы айтсақ, нәубет жылдардың зұлымдықтары мен адам жаны түршігерлік оқиғалары өте көп. "Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді" дегендей, сол аштықтың алапатын қалай ұмытармыз? Біз не көрмедік. "Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді" деген сөздің мәніне сол жылдары түсіндік қой. Шөптің тамырын қазып алып, соны қорек еткендер болды. Бірак, ол да ас болмайды екен. Шөптің аты шөп қой, ол түгіл сарышұнақты жегендерді де көрдім. Адам айтуға ауызы бармайтын бұдан да басқа сұмдықтардын куәсі болдық. Ашыққан адам ақыл-есінен адасып, адамгершілік қасиеттерден айырылып, көзі қарауытып, ненің не екенін білмей қолына түскенді аузына сала береді екен. Өз баласын өзі жеген ананың оқиғасын да естідік. Жағамызды ұстап, жанымыз түршігіп есіміз ауысқандай күйде болдық. Ойлап қарасақ, оған ана да, бала да кінәлі емес сияқты, бәрін істеткен аштық шығар!" - дейді ол естелігінде.

Аштықтан сақтаған құрт

Зұлмат жылдардың тағы бір айғағы - Қарағандыда орналасқан әйелдер лагері. Долинка мұражайында Қарлаг тарихына жеке бөлме арналған. Долинка саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының ғылыми қызметкері Иван Кондрашов 2021 жылы "Хабар24" арнасына берген сұхбатында құрт туралы оқиғаны баяндаған. 

© massaget.kz

"Көптеген әйел қамыс жинау үшін жұмыс істеді. Бір күні лагерь аймағына қайтып келе жатқанда, жақын маңдағы ауланың жергілікті тұрғындары, қазақтар жол жиегіне тұрып, оларға тас лақтыра бастаған. Әйелдердің бірі сүрініп, етбетімен құлап түскен. Сөйтіп, ол осы тастардың иісін сезген, одан қышқыл сүттің иісі сезілген. Қазақтар күзетті алдап, өмірі мен еркіндігін тәуекелге тігіп, әйелдерге көмектескен", - дейді ол.

Айта кетейік, мақалада дереккөз ретінде Тұңғышбек Байқұловтың "Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық" атты 2018 жылғы еңбегі пайдаланылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова