Қазақстанда коронавирус пен қызылша жұқтырғандар саны артуда. Желіде "карантинге жабылады" деген қауесеттер де тарап жатыр. Осы орайда Massaget.kz тілшісі дәрігерлермен сұхбаттасып көрген еді.
Еліміздегі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, республикада биыл қызылшаның 7540 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 83 пайыздан астамы (6287ж) 14 жасқа дейінгі балалар, 3 пайызы (220 ж) - 15-18 жастағы жасөспірімдер, 14 пайызы 18 жастан асқан балалар.
Алматы қаласы бойынша қызылшадан қайтыс болғандар әлі тіркелмеген.
"Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматы қаласы бойынша бүгінде (09.10.2023 ж. жағдай бойынша) қызылшадан 29 ересек және Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 201 бала стационарлық ем алып жатыр. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастың барлығының жағдайы орташа ауыр. Науқастар арасында қызылшадан қайтыс болғандар тіркелген жоқ", - делінген хабарламада.
"Өлімге әкелуі мүмкін"
Алматылық дәрігер, №11 қалалық емхананың педиатры Мәдина Әбдінәсір балаларда болатын қызылша ауруының қаупі туралы айтты. Оның айтуынша, балалар қызылша ауруымен 5 жасқа дейін ғана ауырады.
"Қызылша өте жұқпалы вирус және ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Сондықтан қызылшамен ауырған адаммен айқын байланыс болған жағдайда, мұқият болған жөн. Қызылша ауруы ауа тамшылары арқылы таралады. Мұнда патология ғана емес, сонымен қатар инфекцияның салдары да қауіп тудырады. Баланың аталмыш инфекциямен ауыруының нәтижесінде, мәселен, ауру энцефалит, пневмония, отит, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Қызылшаның алдын алудың ең сенімді түрі – мерзімінде алынған екпе", - деді ол.
Дәрігер балаларда жоспарлы иммундау 1 жас пен 6 жаста жүргізілетінін атап өтті.
"Екпе үшін - біріктірілген қызылша, қызамық, паротитке (ҚҚП) қарсы вакцина қолданылады. Өндірушісі - "Serum Institute of India". Бұл екпе қауіпсіздігі мен сапасына кепіл беретін ДДҰ алдын ала квалификациясынан өткен. Қызылшаның алғашқы белгілеріне жоғары температура, жалпы интоксикация белгілері, фарингальды шырышты қабаттың, конъюктива және тыныс алу мүшелерінің қабынып, зақымдануы жатады. Ауру басталған соң 3-4 күнде қызылша бөртпесі пайда болады. Әдетте, дақтар бет пен мойында, одан соң дене мен аяқ-қолға тарала бастайды. Осылай кезеңдену - қызылшаның негізгі белгілерінің бірі. Жоғарыда көрсетілген белгілер анықталған жағдайда, жедел түрде жұқпалы аурулар дәрігеріне көріну керек. Бұл жағдайда өзін-өзі емдеумен айналысуға мүлде болмайды. Тек дәрігер ғана дұрыс ем бере алады, - деді Мәдина Әбдінәсір.
"Жұқтырғандар саны бойынша өсім бар"
Елімізде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
"Тамызбен салыстырғанда қыркүйекте COVID-19 жұқтырғандардың саны бойынша өсім бар. Биыл тамызда (коронавирус жұқтырудың) 300-ден аса дерегі, ал қыркүйекте 500-ге жуық дерек тіркелді. Бірақ бұл жағдайларды өткен жылмен салыстыруға келмейді", - деді бас санитар дәрігер.
Оның пікірінше, карантин шектеуін енгізу туралы айту әлі ерте.
"Қазіргі таңда (жаңа штамдарды жұқтырып) ауруханаға түсу, қайтыс болу деректері тіркелмеді. Жалпы жағдай тұрақты. Елімізде Омикрон-штамы мен оның бірнеше түрі (100%) тарап жатыр, коронавирустың жаңа "Эрис" штамының тарауы – 25%.
Біз ауруханаға жатқызылғандар мен аурудан қайтыс болғандар санының артқанын көрмедік. Еліміз бойынша COVID-19 жұқтырды деген диагнозбен 23 адам ауруханада емделіп жатыр. Жағдайы ауыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар жоқ", - деді Қазақстанның бас санитар дәрігері.
"Екпе кепілдік бермейді"
Балалар дәрігері Назкен Ауезханова қызылша ауруының салдары ауыр екенін айтты.
"Қазіргі таңда Қазақстан бойынша, әсіресе Алматы, Астана қалаларында қызылша вирусы балалар арасында кеңінен таралуда. Қызылша ауруының өзі қорқынышты емес. Оның асқынуы, өзінен кейін қалдыратын салдары ауыр. Қызылшаның емі дәрежесіне қарай жүргізіледі. Егер бала бұрын қызылшаға қарсы екпе салдырмаған болса, алдымен ИФА анализінен IgM анықтап алу қажет. Өйткені бала сол уақытта қызылшаны жұқтырып, жасырын кезеңінде жүрген болуы мүмкін. Вакцина қызылша ауруын болдырмауына кепілдік бермейді. Бірақ жұқтырса да асқынусыз, жеңіл дәрежеде өтуіне көмектеседі", - деді ол.
Дәрігердің айтуынша, егер баланың қызуы көтеріліп тұрса, бірден оқшаулау керек.
"Бала ауырса, мектеп, балабақша, дүкен, тіпті есік алдына ойын алаңына шығуына тыйым салынады. Бөртпе толық шығып болғаннан кейін 10 күннен соң қоғамға қосылуға болады. Сау балалар да, ауырып жатқандар мен жасырын кезеңінде жүрген балалар қатар болғандықтан мектепте, балабақшалар да карантинге жабылмайды. Алдын алу үшін балаларды көпшілік жерлерге апармай, екпе салдырып, иммунитетін нығайтып, салауатты өмір салтын сақтау жеткілікті.
Ал Омикрон штаммы таралып жатқаны жыл сайын күн салқындағанда адамдар арасында айтылатын жалған қауесет. Қызылша вирусымен ұқсастығы тек бастапқы күндеріндегі суық тию белгілерімен сәйкес келеді. Бірақ, бір бірінен айырмасы қызылша бөртпемен жалғасады. Екі ауруда да үйде емделем деп жатып алмай, бірден дәрігер көмегіне жүгінген жөн", - деді дәрігер.
Еске салайық, бұған дейін қызылшаның негізгі белгілері туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақ хандығын ең ұзақ билеген хан кім?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!