Елімізде жастар қозғалысы ұйымының белсенділігі артып келеді

Елімізде жастар қозғалысы ұйымының белсенділігі артып келеді
Фото: Фотоколлаж

"Елу жылда ел жаңа" демекші, бүгінгі таңда заман көшімен бірге адамдар да жаңашылдыққа ұмтылып жатыр. Бұған дәлел ретінде Жаңа Қазақстанда құрылған "Жаңа адамдар" қозғалысының пайда болуын айтар едік. Бір қуанатынымыз -  "Жаңа адамдар" жастар қозғалысы кеудесінде от ойнаған жастардан құрылған. Олардың болашаққа деген тың идеясы, серпіні Президенттің қолдауына ие болып, бүгінде еліміздегі бірнеше маңызды істерге өз үлестерін қосып келеді. Жастардың жаңашыл идеясы қоғамды дүр сілкіндіргендей болды десек артық айтқанымыз емес.

Мәселен, "Жаңа адамдар" қозғалысы жақында Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысына жауапсыздығы үшін "Халық қаһары" анти-марапатын табыстады. Massaget.kz тілшісіне жастар қозғалысы ұйымының мақсаты туралы ұйым белсендісі Алихан Сарсенов айтып берді.

"Халық зардап шеккен тұлғаларға осындай марапат әзірледік"

Жалпы ұйымның мақсаты - қоғамды жемқорлықтан тазалау, Президент бастаған істерді халық арасында кеңінен насихаттау, қазақстандықтардың ойын өзгертіп, креативті түрде мәселелерді шешу жолын қарастыру, игерілмеген қаржы көлемін азайту. Жастар қозғалысы белсендісінің айтуынша, "Халық қаһары" анти-марапаты жақында ғана ойлап табылған жоба. Ұйым мүшелері шенеуніктер мен жауапты тұлғаларға өз істеріне мұқият болуды ескертті.

"Біз жауапты шенеуніктердің кінәсінен немесе әрекетсіздігінен халық зардап шеккен жандарға қарсы "Оскар" сыйлығын әзірледік. Анти-марапат "Халық қаһары"деп аталады. Бұл оларға таңылған қара белгі десек болады. Бұдан тек қатесін түзеп қана құтылуға болады. Анти-марапатты аяқталмаған LRT бейнесінде жасаттық. Қазіргі таңда бұл анти-марапат жалғыз адамға ғана берілді. Ол - Қостанай облысындағы Денсаулық сақтау саласының жетекшісі Данияр Жандаев. Алдағы уақытта да осындай жауапсыз тұлғаларға беріледі", - деді Алихан Сарсенов. 

Бір қызығы, анти-марапат иесі мұны жақсы қабылдаған.

 "Қостанай облыстық балалар ауруханасындағы 2020 жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша 2021 жылы аяқталуы керек еді. Бірақ аурухана әлі жөнделген жоқ. Ал бас дәрігердің орынбасары Игорь Белобржицкий бір ауруханадан екіншісіне көшкен кезде неонаталдық орталықта өлім-жітімнің 30 пайызға дейін артқанын айтты. Бұл - өте күрделі мәселе. Біз осыны естіп, бірден Қостанайға баруды жөн көрдік. Алдымен Данияр Жандаеқа хабарласып, арнайы марапатымыз бар екенін айттық. Ол "қандай марапат болуы мүмкін?" деп таңғалды. Дегенмен, жақсы қабылдады. Біз барлығын түсіндіріп, ашық айттық. Марапат иесі күнде жұмыс үстеліндегі "Халық қаһарын" көріп, бітпей қалған ісін еске алып отырады деп ойлаймыз", - деді Алихан Сарсенов.

"Ұйымға кез келген адам мүше бола алады"

"Жаңа адамдар" жастар қозғалысы 2022 жылдың 14 қарашасында құрылған. Ұйымның Астана, Алматы қалаларында кампусы бар. Елімізде күні кеше бірнеше өңірде болған су тасқынына олар өз үлестерін қосып, "Бәрімізге қатысты" атты көмек орталықтарын ұйымдастырды. Олар зардап шеккен адамдарға қажетті көмек көрсету үшін апат орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен бірге барып, құммен жұмыс істеу, бөгет салу, аумақты патрульдеу, гуманитарлық көмекті түсіру және т.б. жұмыстарға қолғабыс етті.

 Akorda.kz

"Жалпы ұйымның мақсаты - қоғамды жемқорлықтан тазалау, Президент бастаған істерді халық арасында кеңінен насихаттау, қазақстандықтардың ойын өзгертіп, креативті түрде мәселелерді шешу жолын қарастыру, игерілмеген қаржы көлемін азайту. Біз бүгінгі күн мен ертеңіміз үшін жауаптымыз. Қатарымызға дәл осындай жауапкершілігі жоғары, ұлтты сүйетін патриот, елге берері бар білімді, білікті, идеясы бар жастарды жинасақ дейміз. Ұйымға кіру үшін арнайы ереже, шектеу жасы жоқ. Мектеп оқушысынан бастап үлкен кісілерге шейін кіре алады", - деді Алихан Сарсенов.

Осы уақытқа дейін жүзеге асқан барлық жобаларды ұйым мүшелері ұсынған.

"Жаңа адамдар" жастар қозғалысы ұйымы 2022 жылдың 14 қарашасында құрылды. Бұл біз үшін ерекше күн. Себебі осы күні Мемлекет басшысымен жолыққан едік. Кездесуде "Жаңа Қазақстанның" жаңа адамдары туралы айттық. Оның біз атаған тезистерді 100 пайыз құптағанын көріп, содан кейін ұйым құру туралы шешім қабылданды. Әлеуметтік желілерде парақшаларымызды ашып, жобаларымызды жүзеге асыра бастадық", - деді ұйым белсендісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" Жолдауында: "Біз адамдардың энергиясына, таланты мен еңбекқорлығына арқа сүйейміз. Әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз" деп атап өткен еді. Шын мәнінде, мемлекеттік жүйенің жаңаруы үшін қоғамға жаңа адамдардың шығуы маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Президенттің қолдауымен құрылған "Жаңа адамдар" секілді бірнеше жастар қозғалысы қазақстандық жастар үшін жетекші рөлге ие болып, бірнеше ауқымды істерді атқара беретініне сенім мол.  

Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімі міндетін кім атқарып жатқаны туралы жарияланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы