Әкімсіз өңір: Солтүстік Қазақстан облысы әкімі міндетін кім атқарып жатыр?

Әкімсіз өңір: Солтүстік Қазақстан облысы әкімі міндетін кім атқарып жатыр?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі міндетін кім атқарып жатқанын белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.

2023 жылы 4 қыркүйекте өңірдің экс-әкімі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған еді. Ал облыста әлі жаңа әкім тағайындалған жоқ.

СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, аймақ басшысының міндеті Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің үш орынбасары мен аппарат басшысының арасында бөлінгенін, олардың әрқайсы өз бағыты бойынша жұмыс істейді.

Сонымен, облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджетті дамыту және бюджетаралық қатынастар мәселелеріне жетекшілік етеді. Сондай-ақ оның міндеттеріне салық саясаты, коммуналдық меншік және жекешелендіру, білім беру және ветеринария мәселелері кіреді.

СҚО әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиев құрылыс, сәулет және қала құрылысы, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ТКШ және энергетика (оның ішінде жылыту маусымын дайындау және өткізу, сумен жабдықтау және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету) мәселелеріне жетекшілік етеді. Сондай-ақ, ол аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, көші-қон, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастары мәселелеріне жауап береді.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің үшінші орынбасары Рүстем Құрманов индустриялық-инновациялық даму (жобаларды іске асыру үшін инвесторларды тарту), кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау, мәдениет, тіл саясатын және мұрағат ісін дамыту, сондай-ақ, өңірде дене шынықтыру мен спортты, туризмді дамыту мәселелеріне жетекшілік етеді. Сонымен қатар, Құрмановтың құзыретіне табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су қатынастары мәселелері кіреді.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов қоғамдық-саяси ахуал, дін, конфессияаралық және ұлтаралық келісім, сондай-ақ, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелеріне жетекшілік етеді.

Айта кетейік, СҚО мәслихатының сайтында сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясын өткізу туралы ақпарат пайда болды. Ол 2023 жылы 12 қыркүйекте сағат 11:00-де өтеді. Күн тәртібінде пилоттық өңірлердің тізбесін және Солтүстік Қазақстан облысы ауданы әкімінің сайлауын өткізу күнін белгілеу туралы мәселе бар.

Еске салайық, СҚО-ның бұрынғы әкімі Айдарбек Сапаров 2022 жылы желтоқсанда осы лауазымға тағайындалған еді. Бұған дейін ол екі жылдан аса уақыт ауыл шаруашылығы министрлігінде бірінші вице-министрі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә