- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елімізде 21 министрлік...
Елімізде 21 министрлік бар, ал Швейцарияда 7. Сарапшылар не дейді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында елімізде 2 жаңа министрлік құрылатынын айтты. Бұл өзгеріс еліміздің экономикасына ауыртпашылық түсірмей ме? Жаңа министрліктер қандай мәселелерді басты назарға алуы керек? Құзырлы органдар қанша уақыт ішінде жасақталады? Massaget.kz тілшісі бұл мәселе туралы саясаттанушы Мақсат Жақау мен экономист Айбар Олжаевпен сұхбаттасты.
Енді елімізде қанша министрлік бар?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына дейін елімізде 19 министрлік болды. Олар: Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Әділет министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қаржы министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Энергетика министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Кейін Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа 2 министрлік құрылатынын айтып, жарлыққа қол қойды. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлығымен 5 жаңа министрлік құрылды. Олар:
- Су ресурстары және ирригация министрлігі;
- Көлік министрлігі;
- Туризм және спорт министрлігі;
- Мәдениет және ақпарат министрлігі;
- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.
Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік министрлігі және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болып екіге бөлінді.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігі болып қайта құрылды.
Мәдениет және спорт министрлігі Туризм және спорт министрлігі болып қайта құрылды. Демек, қазір елімізде 21 министрлік бар.
3 министрлікке өзгеріс енгізілсе, 2 министрлік жаңадан құрылды.
Шет мемлекеттің басқару жүйесінде қанша министрлік бар?
Швейцарияда 7 министрлік, Ресейде 17 министрлік, Жапонияда 14 министрлік, ал көрші Өзбекстанда 21 министрлік, Қырғызстанда 15 министрлік.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Саясаттанушы Мақсат Жақаудың айтуынша, қазіргі және алдағы уақыт талаптарына сай бірнеше салаға жауапты министрлікті бөліп қарастыру - дұрыс бюрократиялық, құрылымдық шешім. Сарапшы оның себебін де түсіндірді.
"Жалпы Президенттің бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауындағы екі құрылымдық деңгейдегі ұсынысы Су ресурстары және ирригация министрлігін және Көлік министрілігін құру өте орынды. Бұл жаңадан пайда болған құрылымдар емес, олар белгілі бір уақытта болған және өзінің нәтижелі жұмысын көрсеткен еді.
Екінші мәселе, қазіргі және алдағы уақыт талаптарына сай бірнеше салаға жауапты министрлікті бөліп қарастыру - дұрыс бюрократиялық, құрылымдық шешім. Біріншіден, нақты сол бағыттағы мамандану саясаты қалыптасады, екіншіден, тура сол салада әрекеттер мен бағдарламалар жүзеге аса бастайды. Сондықтан, бұл - дұрыс шешім", - деді саясаттанушы.
Саясаттанушы Су ресурстары және ирригация министрлігі қандай мәселелерді басты назарға алуы керегін айтты.
"Президенттің айтуынша, 2040 жылы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге дейін болатынын айтты. Бұл - өте үлкен қауіпті көрсеткіш. Президент су мәселесін мұнай мен металл сынды табиғи байлықпен пара-пар болатындығын жеткізді. Қазір біз шет елдерден 45 пайыз трансшекара арқылы суды тұтынып отырсақ, мұның өзі көрші елдермен саяси мәселелерді дұрыс жүруіне, өзара келісімге әсер ету мүмкін.
Осы күндері Жамбыл облысындағы Талас, Шу өзендеріне өте төмен деңгейде су келіп жатыр. Бұл - аймақтық деңгейдегі қауіпті проблема. Ертең ол жергілікті аграрийге, агломерацияға, өндіріске, күн көріске кері кері әсер етеді. Егер осы мәселемен айналысатын министрлік қалыптасса, бұл мәселенің тез шешілуіне ықпалын тигізіп қана қоймай, келешегіне де салмақты қадамдары болатын еді. Бұдан басқа, Өзбекстан, Қытай, Ресейден трансшекаралық өзендерден суын тұтынамыз. Осы бағытта та келісіммен ыңғайлы механизм қалыптасу қажет. Жалпы бізде ауыл шаруашылығында суды тиімсіз пайдаланатын, шығынға әкелетін механизмдерден бас тартатын уақыт жетті", - деді сарапшы.
Саясаттанушының айтуынша, Су комитетіндегілер енді министрлікке өтеді. Бұл ел экономикасына айтарлықтай ауыртпалық түсірмейді. Мұнда тек министрлік, оның жанынан Ұлттық гидрология институты және жоғары оқу орындары құрылады
"Бұл министрлік алдағы уақытта осы бағыттағы Су кодексін жасақтауы керек. Су кодексі көп мәселенің шешімін табады, себебі қазір су шаруашылығындағы мәселелер кейбір заңнаманың жаңалануына кедергі жасап отыр. Мысалы, Қырғызстанда Су кодексі бар, олар сол құқықтық құжаттың айналасында өздеріне тиімді мәселені шешіп жатыр. Мысалы, жаңа су қоймалардың жасақталуы. Президент тапсырмасы бойынша, 20-дан аса су қоймасы жасалып, 15 қойма қайта жаңартылуы жайлы мәселе көтерді. Су қоймасы бар жерде үнемділік болады. Судың да сұрауы бар. Техникалық тұрғыда су дұрыс үнемделетін болса, әлеуметтік, аграрлық деңгейде мәселе болмас еді", - деді сарапшы.
Мақсат Жақау Көлік министрлігінің жұмысына тоқталды. Саясаттанушының айтуынша, алдағы бес жылда Көлік министрлігінің жұмысы ауадай қажет.
"Көлік министрлігі бұрын болған. Алдағы бес жылда Көлік министрлігінің жұмысы ауадай қажет. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, кейінгі екі жылда геосаяси-экономикалық мәселелер ушықты. Президент бұған дейін халықаралық деңгейдегі келісімдерде Қазақстан көлік-логистикалық хаб ретінде қолданылуға дайын екенін айтып жүр. Президент соның негізінде 4 мың шақырым жолды жасақтап, дайындау керегін атап өтті. Қазір халықаралық жолға шықсақ, шығыстан батысқа жол тартқан түрлі фуралар мен ауыр жүк тасыған көліктерді көреміз. Оның барлығы - Ресейге және батысқа баратын тауарлар. Олар Қазақстан арқылы жүріп жатыр. Мысалы, Еуропада Бельгия транзиттік хабқа айналса, Еуразияда Қазақстан мұндай хабқа айналуы керек. Бұл ретте, тек керуен жолын өткізу арқылы да дұрыс табыс әкелетін мүмкіндіктер ашылуда. Оның айналасында қызмет көрсету сапасы жақсарып, жол мәселесі де дамиды.
Көлік министрлігі құрылуының себебі, меніңше, теміржол арқылы тауар тасымалдауды күшейту, құрлықтық порт арқылы теңіз логистикалық кластерін жасақтау басты басымдық болмақ. Кластер Каспий теңізі арқылы жасақталып, әрі қарай Парсы шығанағына шығуы туралы Президент те өз сөзінде келтірді. Порты бар мемлекеттің экономикалық көрсеткіші жоғары болады. Мұның айналасында туристік бағыт қалыптасады.
Егер бізде көлік-логистикалық хаб орнаса, Астана, Шымкент, Қарағанды сынды ірі қалаларда қаржы-сауда орталықтары қалыптасады, жергілікті қызмет көрсету күшейеді Бұған сөзсіз шетелдік инвесторлар тартылады. Әлбетте мұндай қалыпты жағдай туғызуға құзырлы жауапты орган керек. Сонымен бірге, көлік және жолға қатысты мамандықтарға басымдық беріледі. Кейінгі кезде пойыздардың кешігіп келуі жиілеп кетті. Себебі басымдық халықаралық деңгейде тауар тасымалдайтын вагондарға берілді. Теміржолда монополист "Қазақстан теміржолы" компаниясы бар. Ал егер министрлік қалыптасса, бұл компанияның үстінен қарайтын құзырлы орган пайда болады және жүйелі әрекеттер қалыптасады", - деді маман.
Еліміздегі мұндай өзгерістер мемлекеттік бюджетке қалай әсер етуі мүмкін?
Мақсат Жақаудың айтуынша, жаңа министрліктің құрылуы айтарлықтай шығын әкелмейді.
"Бұл бағытта комитеттер болған, енді сол комитетттер министрлік деңгейіне көтеріледі. Сондықтан мұндай әкімшілік реформалар негізінде министрлік қалыптаса береді. Егер "маңдайшалардың" өзгеретініне шығындалсақ, бұл министрліктің бағытындағы табыс жүз есе өседі. Мұның барлығын ұсақ-түйек деп қабылдау керек. Министрлік 4, ары кетсе 5 айда жасақталып, штаттық деңгейде жұмысын істей береді", - деді Мақсат Жақау.
Экономист-сарапшы Айбар Олжаев та бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Министрліктің құрылуы инфрақұрылымдық жағынан аса қиын емес. Бізде олардың Министрлік үйі бар. Қаржыға қатысты айтсақ, бюджетте Президент бастамаларын қаржыландыру деген бап бар. Ол көбіне мақсатты трансфер ретінде Ұлттық қордан алынады. Сол бойынша Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау үшін қаржы қарастырылады. Бұл жерде болашақтағы үлкен стратегиялық қауіпті реттеу мақсат болып тұр", - деді ол.
Министрліктер көбейді: Сарапшылар не дейді?
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 5 жаңа министрлік құрылғаны хабарланған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек