Алматыда алғаш рет электрсамокатты орналастырудың бірыңғай ережесі енгізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қандай өзгеріс болады?
Қалада жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған ережесі әзірленді. Жобаны Мәслихат отырысында Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды.
Жобаға сәйкес электрсамокат, мопед және өзге де құралдарға арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай талаптары белгіленеді. Жалға беретін операторлар үшін тұрақ орындары шарт негізінде ұйымдастырылып, бұл қала аумағында көлікті ретімен орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындар осы тұрақ аумағын өздерінің жеке самокатын орналастыру үшін тегін пайдалана алады.
Тағы қандай шаралар қарастырылып отыр?
Бұған қоса, құжатта көлікті эвакуациялау және арнайы тұрақтарда сақтау тәртібі, сондай-ақ, аулаларда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнатудың бірыңғай талаптары айқындалған. Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да жедел қызмет көліктерінің кедергісіз жүруі міндетті талап ретінде сақталады.
Мақсат қандай?
Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл жобаны қабылдау жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи жүйесін қалыптастыруға, қалалық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және көліктің жаңа түрлерін реттеудің бірыңғай тәсілін енгізуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокат ресми түрде көлік ретінде танылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова