Шілдеден бастап электрсамокаттарға қойылатын талап күшейеді

Шілдеден бастап электрсамокаттарға қойылатын талап күшейеді
Фото: Tengrinews.kz

1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокат ресми түрде көлік ретінде танылады. Осыған орай полиция рейд өткізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Алматы полициясы 29 маусым мен 1 шілде аралығында "Электрсамокаттар және электрмопедтер" жедел профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.

Іс-шара 1 шілдеден бастап күшіне енетін заңнамадағы өзгерістерге байланысты ұйымдастырылып отыр. Жаңа нормаларда электрсамокаттар мен электрмопедтерді пайдаланушылардың құқығы мен міндеті, сондай-ақ, кикшеринг қызметімен айналысатын операторлардың (жалға беретіндер) жауапкершілігі айқындалған.

"Жедел профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты - жол апатының алдын алу, жол ережесі бұзылуына жол бермеу және құқықтық мәдениетті арттыру", - деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Іс-шара аясында жолаушы тасымалдау, қауіпті маневр жасау, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, жолды кесіп өту қағидаларын бұзу, сондай-ақ, электрсамокатты ретсіз қою деректерін анықтауға басымдық берілмек.

Жаңа өзгерістер туралы

Еске салайық, жуырда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Жаңа ереже бойынша:

  • Электрсамокат айдау үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, техникалық паспорт және сақтандыру қажет болады.
  • Электрсамокатты тек жүргізуші куәлігі бар кәмелетке толған азаматтар тізгіндей алады.
  • Жаңа талаптар кикшеринг компанияларына да қатысты. Олар әрбір электрсамокатты сақтандыруға, цифрлық жүйе арқылы жылдамдықты бақылауға және пайдаланушылардың құжатын тексеруге міндетті.
  • Электрсамокатпен тротуарда, жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады. 

Айта кетейік, 2025 жылы елімізде электрсамокаттардың салдарынан 139 жол апаты тіркеліп, 149 адам жарақат алған. Ал жаңа талаптарды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget