"Экс-құда" да, экс-шенеуніктер де бар: марапаттарынан айырылғандар кімдер?

"Экс-құда" да, экс-шенеуніктер де бар: марапаттарынан айырылғандар кімдер?
Фото: Ақорда

Жуырда "Құрмет" орденін алған Әли Оқапов қоғамдағы даулы, сыни пікірлерден соң марапатынан бас тартатынын айтты. Massaget.kz тілшісі бұған дейін қандай танымал адамдар марапаттарынан айырылғанына шолу жасады.

  • Тоқаев өкілеттігі аяқталғанша марапаттардан бас тартты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік өкілеттігі аяқталғанға дейін отандық және шетелдік наградаларды қабылдамау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ақпарат Telegram-арналарда тараған еді. Кейінірек ақпаратты Ақорда да растады.

©️ Tengrinews.kz

"... Мемлекет басшысы президенттік өкілеттігі аяқталғанға дейін отандық немесе шетелдік наградаларды қабылдамау туралы шешім қабылдады. Сондықтан жақында Бішкекке сапары кезінде Президент бірінші дәрежелі "Манас" орденінен бас тартты", - делінген тараған ақпаратта.

  • Әли Оқапов: "Барлық марапатымнан бас тартуды шештім"

Роза Рымбаеваның ұлы, танымал әнші Әли Оқаповтың марапатына қатысты қоғамда біраз уақыт дау болды. Кейбіреулер "оның мұндай марапатты алатындай еңбегі жоғын" айтып, "марапатты қайтар" дегендер де табылды.

Әнші әлеуметтік желідегі қызу пікірталастардан кейін бей-жай қалмай, марапаттардан бас тартуды ұйғарды.

"Соңғы кездері қызу талқыланып жатқан нәрселерді байқамағандай кейіп таныта алмаймын. Осы видео арқылы мен 32 жылда алған барлық музыкалық телеарнаның премиясынан, радиолардан, қоғамдық ұйымдардан, жеке жобалардан алған, жалпы барлық марапатымнан бас тартуды шештім. Мұны баяғыдан-ақ істегім келген. Себебі менің балама жеке бөлме керек, ал әлгі ауыр темірлерді (марапаттары - еск.) алып тастауға болады. Мемлекеттік марапаттарға қатысты, наградаларда Қазақстанның мемлекеттік символикалары бар. Марапаттарды қайтару туралы заңды оқыдым, бірақ ештеңе таппадым. Ондай норма жоқ. Меніңше, олай ешкім де істеген жоқ. Сондықтан ол наградаларға қатысты құзырлы органдардың шешімін күтемін. Қандай шешім шықса, солай істеймін. Яғни менен талап етілетін нәрсенің бәрін істеуге дайынмын", - деді әнші.   

  • "Сотталып бар марапатынан айырылды"

Сот бұрынғы мәдениет министрі, Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына үкім шығарған еді. Экс-шенеунік 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сонымен қатар, Астана қаласы № 2 Байқоңыр аудандық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов экс-шенеунікті "ҚР Еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағынан, "Құрмет" орденінен, "Парасат"орденінен айыруға қаулы шығарды. Сот шешімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Мұхамедиұлы "Еңбек сіңірген қайраткер" атағын 2005 жылы, "Құрмет" орденін 2010 жылы, "Парасат" орденін 2016 жылы алған болатын.

  • Атышулы "экс-құда" да бар марапатынан айырылуы мүмкін

Астанада Сарыарқа сотының судьясы Назгүл Бапақова қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевты мемлекеттік наградалары - "Құрмет", "Еңбек үшін", "Парасат" және 3 дәрежелі "Барыс" ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізген еді.

Tengrinews.kz

Қайрат Боранбаев "Еңбек үшін" орденін 2016 жылы, "Парасат" орденін 2016 жылы, ал 3 дәрежелі "Барыс" орденін 2021 жылы алыпты.

  • Марапатынан айырылған экс-шенеуніктер

2018 жылы судья Әділхан Шайхисламов бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарды. Қуандық Бишімбаев пара алғаны, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденгені немесе ысырап еткені үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар, судья экс-шенеунікке берілген мемлекеттік награда - "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді.

Tengrinews.kz/Қуандық Бишімбаев

Бұл қатарда LRT ісіне қатысы бар, бір кездері Алматы, Астана қалалары әкімдерінің орынбасары болған Қанат Сұлтанбеков те бар. 2017 жылы судья Баязид Дәрібаев Президенттің атына Қанат Сұлтанбековті "Құрмет" орденінен айыруға ұсыныс енгізуге қаулы шығарды.

Қанат Сұлтанбеков

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев та барлық марапатынан айырылған еді. Судья Күдебаевты полиция генерал-майоры арнаулы атағынан және "Данқ" және екінші дәрежелі "Айбын" мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізген болатын. Ол Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған еді.

Серік Күдебаев

Еске салайық, бұған дейін биыл "Қазақстанның халық әртісі" атағын кімдер алғаны хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова