Екінші әйел алған азаматтарға қандай жаза қарастырылған?

Екінші әйел алған азаматтарға қандай жаза қарастырылған?
Фото: depositphotos.com

Қоғамда жиі талқыға түсетін тақырыптардың бірі - екінші әйел тақырыбы. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та екінші әйелі бар танымал адамдар туралы ақпарат та ішінара байқалып қалып жатады. Сондай-ақ, кейбір ер азаматтар арасында бұл тақырып өте өзекті екені көрінеді.

Massaget.kz тілшісі заңгерлермен сұхбаттасып, екінші әйел алғандарға қандай жаза барын сұрады.

Діндегі үкімі қандай?

Ислам дінінде төрт әйелге дейін алуға рұқсат берілгені айтылады. Қазақстанда да кейбір ер азаматтар діндегі осы үкімді желеу етіп, екінші әйел тақырыбын қозғап жатады.

ugranow.ru

Бұған дейін ҚМДБ өкілдері көп әйел алуға қатысты пікір білдірген болатын.

"Алла Тағала Құранда былай дейді: "Егер (үйленгенде) жетім әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де болады. Әділетсіздік болмауға жақынырағы осы" (Ниса сүресі, 3-аят). Бұл аяттан Алла Тағаланың ер кісіге әділдік ете алса, 4 әйелге дейін рұқсат беретінін аңғарамыз. Алайда қазір дінде төрт әйел алуға рұқсат бар екен, сүннет екен деп екінші әйел алып жатырмыз деген адам көп. Бірақ оның шарттары қандай, қай жағдайда рұқсат береді, не үшін екенін аз адам ғана біледі. Ендеше екінші әйел алудың негізгі шарттарының бірі - әділдік. Ер адам барлық жағдайда екі әйеліне теңдей қарауы керек. Баспана, киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек қатынасы, яғни отбасында болатын бүкіл жағдайда екі әйеліне бірдей қарауға тиіс. Өйткені Алла Тағала: "Егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар" деген", - деп келтірген болатын имамдар.

Жастарда сақал мен тоқалдан басқа мәселе жоқ - Нұрлан имам

Қазақтар ертеде екі әйел алған ба?

Бұған дейін Massaget.kz-ке сұхбатында этнограф Болат Бопайұлы қазақтар ертеде екінші әйелді не үшін алғанын түсіндіріп берген еді.

"Бағзы заманда қазақ халқында тоқал алу деген салт та, дәстүр де болмаған. Бірақ бай адамдар бірінші әйел алып, ол әйелі бала көтермей, ұзақ уақыт өткеннен кейін ұрпақсыз кетпеу үшін бәйбішесінің разылығын және үлкен қариялардың ақ батасын, рұқсатын алып, тоқал алатын болған. Тоқал алғаннан кейін екі әйелге тең қараған. Кейде сондай жағдайдан кейін бала көтере алмай жүрген бәйбішесі де бала көтеріп, қуаныш үстіне қуаныш қосылған", - дейді маман.

Этнограф тоқал алу ешқандай да дәстүр емес екенін де баса айтқан еді.

"Тоқал алу дәстүр емес. Біз мынаны білуміз керек. Дәстүр - бір халықтың ұзақ ғасыр бойы тәжірибеден өтіп, орныққан, көп адамға ортақ атқарылатын ерекше тәрбиелік маңызы бар әрекеттері. Ал тоқал алу - ол ішінаралық үйленудің бір сирек кездесетін түрі. Сондықтан тоқал алу дәстүр емес", - деді этнограф.

Туполев Ф. Сұлтан Исим Бөкеев екі әйелімен

Көрші елдердегі тәжірибе қандай?

Бұған дейін Өзбекстанда парламенттің төменгі палатасының депутаттары екі және одан да көп әйелмен бірге тұрған, әйелдер мен ер адамдардың тең құқығын ашық жоққа шығарған, неке заңда белгіленген тәртіппен тіркелмей діни рәсім арқылы қиылған жағдайда жауапкершілік көздейтін заң қабылдады.

Жергілікті басылымдар Өзбекстанда діни рәсімдер бойынша құрылатын неке саны көбейіп бара жатқанын жазды. Салдарынан некесіз туған балалардың саны өскен. Республика бойынша 2022 жылы жалғызбасты аналардың өтініштері негізінде 18 955 бала тіркелген. 2021 жылы 19 037 бала тіркелген, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 16 564-ке жеткен.

podrobno.uz

Кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев көп әйел алуды насихаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулерге қол қойды.

"Енді екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұруға деген көзқарастарды, идеяларды немесе үндеулерді таратқаны үшін айыппұл төлейді (шамамен 405 доллардан 810 долларға дейін) немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады", - деп жазылған еді былтыр өзбекстандық БАҚ мәліметтерінде.

Қазақстандық заңгерлер пікірі қандай?

Заңгер Бердімұрат Хасенұлы екі әйел алу тақырыбы неліктен жиі талқыға түсетінін айтты.

"Дәл қазір бұл - көп талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Көп талқылануының өзі - заңдық негізде көп әйел алуды заңдастыру мәселесі емес, хайп қуалаған кейбір азаматтардың әрекеті немесе қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерден адамдардың көңілін аударту үшін ақпараттық алаңды толтыру мақсатында жасалатын, итке сүйек тастағандай ақпарат тарату деп білемін. Бізде құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде, қалыптасқан азаматтық қоғамы бар мемлекет ретінде көп әйел алуды заңдастыру мүмкін емес", - деді сарапшы.

Маманның сөзінше, қазақстандықтар заңды тұрғыда екі некеге тұра алмайды, себебі бұл демократияға, әйел мен ердің тең құқығы деген түсініктерге қарама-қайшы шығады екен.

"Принципиалды тұрғыдан бізде көптеген заңды өзгерту керек. Біздегі Отбасы және неке кодексі некені екі адамның арасындағы бірлестік ретінде ғана қарастырады және ол әйел мен еркектің арасында болуы керек екені шегеленіп айтылған. Сондықтан көп әйел алу заңды тұрғыдан болуы мүмкін емес. Заң жағынан неке байланысында бір адамнан артық байланысуға тыйым салынған. Бірақ бізде барлық қоғамға белгілі, заңнан тыс азаматтық неке деген түсініктер бар. Сонымен қатар, заңды некеден тыс туған балаларға әкесі өзінің әкелігін мойындайтын болса, ешқандай қарсылық көрсетілмей, ешқандай құқықтық салдарсыз балаға әкесі ретінде жазылып, оның тегі беріліп жатады. Яғни жасыратыны жоқ, қоғамда көп әйелі бар азаматтар бір әйелімен заңды некеде тұрған болса, екінші, үшінші, төртінші әйелдерімен жай ғана азаматтық некеде тұрып, балалары туған кезде өзінің есімін кедергісіз беріп жатады. Бұл өз кезегінде біздің заңның олқылығы деп білемін. Себебі кейбір мемлекеттерде некесіз туған балаларға әкелік берілмейді, әкесі деген жер бос тұрады. Қытай мемлекетінде осыған байланысты біраз қатаң шаралар жасалынған. Бұл өз кезегінде көп әйел алушылыққа тыйым салумен тең деп білемін. Себебі балаға әкесінің атын бермейтін болса, сондай құқықтық кедергілер жасалса, онда білгенін істеп, азаматтық некеде тұра беретін отбасылар болмайтын еді. Бұл өз кезегінде балалардың да болашағы үшін өте маңызды деп білемін", - деп түсіндірді заңгер.

depositphotos.com

Сонымен қатар, Бердімұрат Хасенұлы заң бойынша екі әйел алғандарға ешқандай жаза көзделмегенін мәлімдеді.

"Екі әйел алғандарға ешқандай жаза қолданылмайды. Себебі екі әйел алғанын дәлелдей алмайсыз. "Бірге тұрып жатыр" тағысын тағы дегенде, "әйелі емеспін, жай қасындағы адаммын" деуі мүмкін. Сондықтан да, өкінішке қарай, бізде бұған жаза қарастырылмаған. Қорыта айтқанда, бізде екі әйел алуға заңмен рұқсат жоқ. Бірақ екінші әйел алып жатқан адамдар заң алдында неке куәлігі болмағаны болмаса, бүкіл қоғамның, заңның игіліктерін пайдаланып жатыр. Бұл - бірінші мәселе. Ал екінші мәселе, екінші әйел алса да, оларға заңмен ешқандай жаза қолданылып жатқан жоқ", - деп түйіндеді сөзін ол.

Заңгер Думан Көпбаев та Қазақстанда көп әйел алуға қатысты жауапкершілік жоғын айтты.

"Қазақстанда Қылмыстық, әкімшілік кодексте, нормативтік құқықтық актілерде (Қылмыстық кодекс, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс - еск.) екінші әйел, үшінші әйел алғаны үшін ешқандай жауапкершілік көрсетілмеген. Яғни бірінші әйелімен некесін қиып, АХАЖ бөліміне тіркеледі, алайда екінші әйелмен АХАЖ-да тіркеле алмайды", - деді сарапшы.

depositphotos.com

Еске салайық, бұған дейін психолог Аяулым Өмірғалиқызы ер азаматтар неліктен екінші әйел алғысы келетініне жауап берген еді. 

"Тоқалдық - көңілдесті заңдастыру". Ер адамға екінші әйел неге керек?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова