"Тоқалдық - көңілдесті заңдастыру". Ер адамға екінші әйел неге керек?

"Тоқалдық - көңілдесті заңдастыру". Ер адамға екінші әйел неге керек?
Фото: ©Shutterstock/иллюстрация

Әдетте әйелімен қарым-қатынасқа күш салып, оны жақсартуға тырыспаған ер адамдардың ойы екінші әйел алуға ауады. Бұл туралы блогер, коуч Роза Әшірбаева КТК телеарнасына берген сұхбатында айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Блогер "ер адам қазіргі қарым-қатынастағы проблемаларды шеше алмаған кезде екінші әйел алу туралы ойлайды" дейді. 

"Мына қарым-қатынас болмады. Басқа әйелмен басқаша болуы керек деп ойлайды". Сондықтан, ойы кетеді. Бір әйел бермеген нәрсені басқасы береді деп ойлайды. Негізі, ол - жауапсыздық. Әйел мен ер адамның арасындағы қарым-қатынастың жақсы болмауына әйелді жауапты қылады: "Ол біздің қарым-қатынасты жақсартпаған", дегендей. Ал өзі оған қатыспайды. Сөйтеді де, жаңа әйелмен басқаша болады деп ойлайды".

Роза Әшірбаеваның өзі тоқал алуға, жалпы тоқалдарға "қарсымын, қарсы емеспін" деп айта алмаймын дейді. Оның айтуынша, әркім өзі біледі, әр отбасының формалары әртүрлі.

"Ең бастысы, бірінші әйел де, екінші әйел де бірін-бірі түсінуі керек шығар деп ойлаймын. Бақытты болу үшін. Ал өмірі ырың-жырың, біреуі біреуінен қызғанып жүретін болса, онда керек емес. Бұл психологиялық тұрғыдан", - дейді блогер.

Ал заңды тұрғыда екінші әйелдің рөлі - ол "өте төмен", қорғалмаған рөл, дейді блогер.

"Екінші әйелдің еш нәрсеге құқығы жоқ. Ең сорақасы мысалы екінші әйел бала туса, туған баласына әкесінің атын беру үшін арнайы өтініш жазады. Әкелікті тану деген нәрсені жазады. Яғни, ол "мойындашы, екеуміз кезінде бірге болдық қой, мынау сенің балаң" деген нәрсе. Сондай, қорлық. Бұл - біріншіден. Екіншіден, алда-жалда ол ер адам өлетін болса. Балалары мұрасыз қалады, әйелдің өзі де мұрасыз қалады. Өйткені, заңды түрде ол ешкім емес", - дейді Роза Әшірбаев.

Әшірбаев әлеуметте екінші әйелді жақтырмайды дейді. Ер адамдардың тарапына айтар едім, "бірінші әйеліңді жақсы көрмейсің бе, күшіңді жина да, ажырас. Сөйт те екінші әйелді ал". Бізде керісінше айтады, ол - жауапкершілік алу, әйелдерге қамқорлық дейді де, 18-20-дағы қыздарды алып жатады, дейді ол.

"Қазіргі кезде тоқалдық - көңілдесті заңдастыру болып тұр ғой. Егер дінге салып, бұл сүннет, амал дейтіндей болса, онда керісінше әлеуметтік қысымға түскен, ақшасы жоқ, жесір қалған, жалғыз қалған, табыс таппай отырған, бала-шағасын асырай алмай отырған әйелдерді алатын болған ғой. Енді неге сөйтпейді. Егер әйелге қамқор болғың келсе, сондай әйелді ал, 20 жастағы сұлу қызды емес".

Еске сала кетейік, бұған дейін блогер, коуч Роза Әшірбаева әйелдер мен ер адамдардың проблемасын қозғап, қарым-қатынаста туындайтын түсініспеушіліктер туралы айтқан еді.

Блогердің айтуынша, оған әр жастағы әйелдер проблемасын айтып жиі жүгінеді. Ол жас қыз болсын, тұрмыс құрған үлкен әйел болсын айта алмай жүрген проблемалары өте көп. Блогердің ойынша, Желіде танымал болуының себебі де сонда болуы керек. Өйткені "көп әйел айта алмай жүрген дүниені айтамын, мен айтқан мәселе көбінің ішінде жүр, олар үндес болғандықтан, маған жазылады, оқиды, сұрақ қояды" дейді Роза Әшірбаева. Блогер күніне 200-300-ге жуық хат келетінін айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан