Екібастұздағы барлық зардап шеккен үйге жылу берілді. Бұл туралы жедел штаб басшысы - Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істейді. Екібастұз ЖЭО қаладағы жылуға қатысты жағдайды қалыпқа келтіру үшін барлық қажет күш-жігерді жұмсап жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, кейінгі күндердегі оқиғалардың, соның ішінде тұтынушылар мен пәтер иелері кооперативінің салқындатқышты рұқсатсыз төгуі нәтижесінде болғани гидравликалық режимнің теңгерімсіздігі бұл жұмысты қиындатады.
Тұрғындарға шыдамдылық танытқаны үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылу беру мәселесі толық қалыпқа келеді деп күтеміз", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!