- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Екібастұзда соңғы 11...
Екібастұзда соңғы 11 үй жылуға қосылады
Екібастұзда қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
4 желтоқсан сағат 08:00-дегі жағдай бойынша, 11 үйдің жылу торабы қосылмаған.
"Пәтерлерге жылу беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйлерде көтергіштер, радиаторлар ауыстырылады. Сондай-ақ, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты үй бар. Қалған 11 үйді күннің аяғына дейін қосу жоспарланып отыр", - деді жедел штаб өкілдері.
Айта кетейік, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 500-ге жуық адам жұмылдырылған.
Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоғын айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова