Екібастұзда 71 көпқабатты үйге жылу берілді

Екібастұзда 71 көпқабатты үйге жылу берілді
Фото: primeminister.kz

Екібастұзда 71 көпқабатты үйдің жертөлелеріндегі жылыту тораптарына жылу берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Жедел штаб жетекшісі - Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қазір осы үйлердің жылыту тораптарында жөндеу жұмыстары аяқталғанын мәлімдеген. Қазір пәтерлердің ішіндегі құбырлар мен регистрлерді қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, мамандар су және кәріз жүйелерін қалпына келтіріп жатыр. 

Жедел штаб жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлердің тізімін жариялады.

 

Айта кетейік, Екібастұзда барлығы  689 көпқабатты үй бар. Ал жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылған.

Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова