Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы аумағындағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
КҚК ақпаратына сәйкес 30 шілдеде Nissos Sifnos танкері үшінші айлақ арқылы тиеу жұмыстарын аяқтау кезінде тиеу манифольды аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған. Қауіпке байланысты КҚК тарапынан мұнай тиеу жұмыстары алдын ала тоқтатылған.
Бұдан бөлек, Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6-7 теңіз милі қашықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады.
"Қолда бар ақпаратқа сәйкес экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ, мұнай төгілуіне жол берілмеген. Шабуыл салдарынан туындаған өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен сөндірілді", - деді министрлік өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін КҚК теңіз терминалы айдынында ұшқышсыз ұшу аппараттары екі танкерге қайта шабуыл жасағаны хабарланды.
30 шілдеде Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де мұнай тиеп тұрған Niffos Sifnos танкері шабуылға ұшыраған. Жөнелтуші - "Теңізшевройл" ЖШС ("Шеврон" компаниясы). Сондай-ақ, теңіз терминалына мұнай қабылдауға бара жатқан Marathi танкері шабуылға ұшыраған.
Каспий құбыр консорциумы Ресейдің, АҚШ-тың, Қазақстанның және Батыс Еуропаның бірқатар елінің отын-энергетика кешеніндегі ірі кәсіпорындарының басын қосады. КҚК Қазақстанның үш ірі кенішінен, яғни Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова