- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Екі есе арзан...
Екі есе арзан екені рас па? Қазақстандықтар баласын Бішкектен киіндіріп жүр
Қазақстандықтар баласын мектепке дайындау үшін шекара асып, Қырғызстан базарларына барып жүр. Бұл оңтүстіктің кей өңірінде бұрыннан бар екен, тек биыл қырғыз базарларында қазақстандықтардың қарасы көбейген. Көпбалалы ана Назгүл Сердәлі Massaget.kz тілшісі қырғыз базарларының артықшылығын айтты.
Назгүл Сердәлі - Жамбыл облысы, Қордай ауданының тұрғыны. Азаматтарға арналған көмектің әлеуметтік саласында жұмыс істейтінін айтады. Көпбалалы ана, бес баласы бар - екеуі студент, үшеуі оқушы.
"Біз бала кезімізде мектепке дайындалғанда Бішкекке барып киінетінбіз. Себебі Бішкек бізге жақын. Сол себептен мен де қазір балаларыма киімдерді Бішкектен сатып аламын. Ол жақта Дордой, Ош, Аламедин, Ордасай базарлары бар. Біздің Қордайға қарағанда тауарлар бағасы әлдеқайда арзан түседі. Әрине, су тегін деп айта алмаймын. Бірақ 5 баланы апарып киіндіргенде, айтарлықтай сезіледі", - дейді ол.
Көпбалалы ана биылғы оқу жылына да Бішкекте дайындалған. Жақында балаларын Қырғызстан базарларына апарып келіпті.
"Бес балама ең керек деген заттарды алғанның өзінде 200 мың теңге кетті. Бірақ Қордайда мұндай бағаға балаларымды киіндіре алмайтын едім. Мысалы, Қордайда 5 мың теңге тұратын белдемше не кофтаны Бішкектен 3-4 мың теңгеге табуға болады. Кейбір заттар одан да арзанға түседі", - дейді ол.
Оның сөзінше, биыл балаларын Бішкекке апарып, киіндіріп жүрген адам көп.
"Кім қай жақтан барып жатқанын білмеймін, әйтеуір ол жақтан қазақстандықтарды көп көрдік. Қырғыз сатушыларының да көзқарасы жақсы. Саудасы жүріп жатыр, қазақтар деп бағасын қымбаттатпайды. Өздерінің тұрғындарына қалай сатса, бізге де солай сата береді", - дейді Назгүл.
Қордайлықтарға Бішкекке бару өте ыңғайлы. Қордай мен Бішкек арасын 23 шақырымдық тасжол жалғап тұр. Арасы бір сағатқа да жетпейді.
"Әрине, ол жаққа барып бірнеше балаңызға киім алсаңыз, сатушылар киімдерді көтерме бағамен береді. Біздің Қордай ауданының барлық дерлік тұрғыны Бішкектен киінеді. Бағасынан бөлек, Бішкек бізге Алматы не Тараздан жақындау. Яғни, ақшамыз да, уақытымыз да үнемделеді", - дейді көпбалалы ана.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керегін есептеген едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш