- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Екі әйелім бар"....
"Екі әйелім бар". Оралдық кәсіпкерді өлтірді деген күдікті босатуды сұрады
10 тамызда мамандандырылған тергеу соты БҚО полиция департаменті тергеушісінің 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарады, - деп хабарлады "Мой Город".
Іс материалдарында оқиға қалай өрбігені жазылған. Күдіктілер 6 тамызда "Рахат Лукум" караоке-мейрамханасының ғимаратында болып, мекеме иесі Еркін Мұханғалиевпен кездескен. Олардың арасында жанжал туындаған, сол кезде Қожантаев оның мойын және кеуде тұсындағы өмірлік маңызды мүшелеріне кем дегенде үш рет пышақ салған. Осы кезде тура қасында тұрып Амангелді де пышақ алып шыққан. Ол пышағын көрсетіп, мекеме әкімшісіне жолды жауып тастаған.
"Мұханғалиев өз өмірін сақтау үшін ашық тұрған терезеден секірмек болған. Осы кезде Қожантаев оның бел аймағынан тағы бірнеше соққы жасаған. Одан әрі жаралы Мұханғалиев орталық стадионға қарама-қарсы тұрған көлік тұрағына қарай жүгірген. Күдіктілер оны қуып жетіп, Амангелді оны жерге құлатып, денесінен бірнеше рет тепкілеген. Осы кезде Қожантаев жүгіріп келіп, одан пышақ сұрайды. Амангелді оған пышақ берді, ол тағы алты рет пышақ салды. Мұханғалиев алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қожантаев пен Амангелді қылмыс орнынан қашып кеткен", - деді прокурор Тәжғалиева.
Сарапшының айтуынша, Мұханғалиевтің өліміне мойын, кеуде, бел аймағындағы пышақ жарақаттары, сол жақ ұйқы артериясының, оң бүйректің зақымдануы және маңдай сүйектерінің сынуы себеп болған.
"Қожантаев пен Амангелдінің тұрақты табыс көзі жоғын, олардың аса ауыр қылмыс жасағанын, содан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғанын ескере отырып, олар тағы да жасырынып, тергеуге кедергі келтіруі, жәбірленушілер мен куәгерлерге қысым көрсетуі мүмкін дегенге жеткілікті негіз бар. Соттан полиция департаменті тергеушісінің өтінішін қанағаттандырып, Қожантаев пен Амангелдіні екі айға қамауға алуды санкциялауды сұраймын", - деп оқыды мемлекеттік айыптаушы.
Руслан Қожантаев тергеу дәлелдерімен келіспеді. Ол екі әйелі (біреуі жүктіліктің соңғы айында), балалары және үйі барын айтқан. Ер адам соттан өзін екі айға қамауға алмауды сұрады.
Ал Тұрлан Амангелді сотта Руслан Қожантаев қысым көрсеткенін, сол күні өзімен бірге баруға мәжбүрлегенін айтты. Екі айыпталушы да бұрын сотталмаған.
Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған еді. Еркін Мұханғалиевтің мәйіті П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған болатын. Сонымен қатар, кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталған.
Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.
Полицейлер Оралдан шығатын және кіретін жолдарды тексерген, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлер тексерілген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.
Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада сөйлесіп жатқаны көрсетілген.
8 тамызда кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілер ұсталғаны хабарланған. Кейін олар ұсталған сәттің суреттері жарияланған болатын.
Е. Төлеш