Уганда мен Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегі өршіп тұр, ондаған ел санитария шараларын күшейтіп, келушілер үшін шектеу енгізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2 маусымда Уганда Денсаулық сақтау министрлігі X желісінде Эбола безгегін жұқтырудың алты жаңа жағдайы тіркелгенін хабарлады. Осылайша, елде расталған жағдайдың жалпы саны 15-ке жетті.
Конго Демократиялық Республикасында жағдай әлі де күрделі, дегенмен жуырда шетелдік БАҚ бес науқас сауығып шыққанын хабарлады.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Қазақстан Эбола індетіне байланысты шекараны жабуды жоспарлап отырмағанын хабарлады. Мамандар ел ұстанымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес келетінін мәлімдеді.
Ведомство Қазақстан және Эбола індеті тіркелген елдермен арада тікелей әуе қатынасы жоқ екенін еске салды. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәліметінше, Қазақстанда инфекцияның таралу қаупі төмен деңгейде қалып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында және Угандада тіркелген Эбола өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!