“Арнайы вакцина да, нақты емі де жоқ“. Министрлік Эбола вирусына байланысты ескерту жасады

“Арнайы вакцина да, нақты емі де жоқ“. Министрлік Эбола вирусына байланысты ескерту жасады
Фото: depositphotos.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында және Угандада тіркелген Эбола өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялады. Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, ауру таралуына Эбола вирусының сирек түрі - Bundibugyo штамы себеп болып отыр.

"Қазір бұл штаммға қарсы арнайы вакцина да, нақты ем де жоқ. Эбола вирусы ауру жұқтырған адаммен немесе жануарлармен тығыз байланыс кезінде, олардың биологиялық сұйықтығы арқылы беріледі. Сондықтан жеке бас гигиенасын сақтау, сапар кезінде сақтық шараларын ұстану, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды", -  деп жазылған хабарламада.

Сапарға шығар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысып алған жөн. Шетелден оралғаннан кейін жағдайыңызды бақылауда ұстау қажет. Қандай да бір белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, сапарда болғаныңызды міндетті түрде хабарлау керек. Мұндай жағдайда өз бетінше емделуге болмайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget