Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының дерегі тарады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, техникалық тексеріс жүргізген. Осылайша eGov ақпараттық жүйелері бұзылғаны анықталмаған.
"Darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әртүрлі белгісіз файл мен суреттердің жиынтығы екені анықталды және eGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі емес екені белгілі болды. Мұны растайтын басқа да дерек бар. Жарияланған дерек көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, хабарландыру авторы көрсеткендей eGov жүйелерінде паспорттардың скан көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен сақталады", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство eGov жүйесі бұзылмағанын ресми түрде мәлімдеді.
"15 миллион Қазақстан азаматының дерегі eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде "15 миллион азаматтың жеке дерегі даркнетте жарияланғаны" туралы ақпарат тарады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!