Әлеуметтік желіде 15 миллион азаматтың жеке дерегі даркнетте жарияланғаны туралы ақпарат тарады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде "хакер 15 миллион азаматтың мәліметі бар дерекқорды даркнетте сатуға шығарғаны" туралы ақпарат тарады. Файл көлемі - шамамен 2,7 гигабайт, ал ондағы жазбалардың жалпы саны 47 миллион жолға жететіні айтылды.
Айта кетейік, даркнет - әдеттегі іздеу жүйелері арқылы қолжетімді емес және арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді қажет ететін интернеттің жасырын бөлігі. Аноним болғандықтан, мұнда заңсыз сауда алаңдары мен басқа да құқыққа қайшы ресурстар жиі жарияланады.
Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес сатушы дерекқорды 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Онда азаматтардың жеке және байланыс мәліметі, соның ішінде паспорт дерегі, телефон нөмірлері, электрон пошталары, жұмыс орындары туралы ақпарат, құжаттардың сканерленген көшірмелері мен құпиясөздер бар екені нақтыланған.
Әлеуметтік желілердегі хабарламаларға қарағанда, сатушы дерекқор eGov жүйесін бұзу нәтижесінде алынғанын мәлімдеген.
Министрлік қазір бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеріс, соның ішінде ұсынылған дерекке талдау және олардың шығу көзін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қазір электрон үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылғаны және бұл деректер базасы тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ", - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Техникалық тексеріс жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілмек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова