Дубайда қазақстандық азамат өмір бойына сотталып кеткен: ол елге экстрадициялана ма?

Дубайда қазақстандық азамат өмір бойына сотталып кеткен: ол елге экстрадициялана ма?
Фото: ашық дереккөз

Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық азаматты экстрадициялау туралы әзірге сөз болып отырған жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл - Дубайдың бірінші сатыдағы сотының шешімі. Апелляция берілді, тиісті рәсімдер бар, сондықтан экстрадициялау туралы әзірге сөз қозғау мүмкін емес. Алдымен барлық сот процесі аяқталуы керек, содан кейін ғана шешім қабылданады", - деді Әлібек Бақаев Мәжіліс дәлізінде.

Оның айтуынша, бұл мәселе Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) заңнамасына сәйкес шешіледі. Қазір бұл іспен адвокаттар және Қазақстанның Бас консулдығы айналысып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Дубайда қазақстандық азамат өмір бойына сотталып кеткені хабарланды. 18 наурызда Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты оны бірқатар ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл төлеу туралы үкім шығарған. Қазақстандық азамат аппеляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты үкім әлі күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget