Әлеуметтік желіде "Дубайда 22 жастағы қазақстандық азамат өмір бойына сотталып кеткені" туралы ақпарат тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Желідегі мәліметке сүйенсек, сотталушының анасы ұлы кінәлі екеніне сенбейтінін және оған жала жабылғанын айтады. Оның сөзінше, ұлы 2024 жылы қыркүйекте БАӘ-ге табыс табу үшін кетіп, жүргізуші болып жұмыс істеген.
Алғашында ол үнемі байланысқа шығып тұрған, ал кейінірек қылмыстық іс бойынша айыпталушы болып танылғанын хабарлаған. Кейін арада байланыс үзіліп, жігіттің жақындары Сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Министрлік сот үкімі шыққанын хабарлаған.
СІМ не дейді?
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі редакцияға берген жауабында "ведомство БАӘ-де ұсталған Қазақстан азаматы Е.Алмаханға қатысты жағдайдан хабардар" екенін мәлімдеді.
"18 наурызда Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты азамат Е.Алмаханды бірқатар ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл төлеу туралы үкім шығарған болатын. Азамат аппеляциялық шағым түсірді. Осыған байланысты үкім әлі күшіне енген жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан елшілігі БАӘ-нің құзыретті органдарына ресми сауал жолдаған. Қазір Қазақстан тарапы жауап күтіп отыр.
"Дубайдағы Бас консулдық өз құзыреті шеңберінде тиісті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, министрлік оның қандай іс бойынша сотталғанын нақтыламады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова