Дубайда қазақстандық азамат өмір бойына сотталып кеткен: істің мән-жайы белгілі болды

Дубайда қазақстандық азамат өмір бойына сотталып кеткен: істің мән-жайы белгілі болды
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Дубайдың бірінші сатыдағы соты өмір бойына бас бостандығынан айырған Қазақстан азаматына қатысты жаңа мәліметті бөлісті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, бұл іс бойынша апелляциялық шағым түсірілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев ведомство бұл жағдайдан хабардар екенін айтты.

"Құзыретті органдардан алынған ресми ақпаратқа сәйкес 18 наурызда Дубайдың бірінші сатыдағы соты оны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, айыппұл салған", - деді ол.

Әмірлік тарапының мәліметінше, қазақстандық азамат - БАӘ-нің құзыретті органдары 2025 жылы қозғаған қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі.

"Бұл қылмыстық іс адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ, жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге байланысты ауыр қылмыс санатына жатады", - деді СІМ ресми өкілі.

Қазір бұл іс бойынша апелляциялық шағым түсірілген. Осыған байланысты үкім заңды күшіне енген жоқ. Сыртқы істер министрлігі мен елшілік бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Дубайда қазақстандық азамат өмір бойына сотталып кеткені хабарланды. 18 наурызда Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты оны бірқатар ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл төлеу туралы үкім шығарған. Кейін қазақстандық азамат апелляциялық шағым түсірген. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget